Си Цзиньпин Қазақстанға не үшін келгенін айтты

«Жаңа Қазақстанның жетістіктеріне тамсануға ғана келе жатқан жоқпын».

Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапарының маңыздылығын осындай бір ауыз сөзбен жеткізді.

Бұл туралы Қытай лидері сапары алдында жариялаған авторлық мақаласында айтып өтті.

Ол екі елдің өзара ұстанымдарындағы ұқсастық пен сауда айналымының жылдан жылға қарқын алып келе жатқанын мәңгілік серіктестікке жасалған қадам деп есептейді. Мәртебелі мейманның мақаласында тағы қандай маңызды түйткілдер айтылған?

Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитіне Си Цзиньпиннің өзге әріптестерінен ерте келе жатқаны да тегін емес. Көршімізбен күн бұрын саралайтын, талқыға салатын мәселе көп. Бұл жолғы мемлекеттік сапарының маңыздылығын Қытай Төрағасы бүгін жариялаған мақаласында тура болмаса да, тұспалдап жеткізді.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

- Жаңартылатын энергия көздері мен көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті үнемі жаңа қырынан ашылып отырады. Сиань қаласында құрғақ порт пайдалануға берілді. Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолы және Қытай-Еуропа контейнерлік пойыздары үздіксіз жұмыс істейді. Бұл екі елдің дамуына қуатты серпін береді.

Қос мемлекет те ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестігімізді одан әрі нығайтуға мүдделі. Статистикадағы сандар қазірдің өзінде көңілге қонымды. 2023 жылы агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің тауар айналымы 1,6 есеге өсіп, 1,3 млрд доллардан асты. Си Төрағаның өзі айып өткендей, Қытайлардың дастарханында Қазақстанның жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері көбейіп келеді.

Асқар Мұзафар, ҚР Сауда және интеграция министрлігі экспортты ілгерілету департаментінің сарапшысы:

- Қытай нарығында Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдері өте жоғары сұранысқа ие. Өйткені Қазақстанның тауарларының сапасы өте жоғары әрі бағасы да өте қолайлы. Сондықтан мысалы, бидай, ұн, сүт және сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер, әсіресе өсімдік майлары Қытай нарығында аса жоғары сұранысқа ие.

Си Цзиньпиннің сөзінше, Қытай мен Қазақстанның халықаралық әрі  өңірлік істер бойынша, ұстанымдары ұқсас. Екеуі де жан-жақты, бірлескен және тұрақты қауіпсіздікті қолдайды. Бұл бір деңіз. Бейбітшілік, жаһандық даму мен әділ әлемдік тәртіпті жақтайды. Қос мемлекеттің екінші бір ұқсас тұсы осы. Қытай халық республикасының төрағасы мақаласында былтыр екіжақты сауда көлемі рекордтық 41 млрд АҚШ долларына жеткенін айтып, сүйіншіледі.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

- Қытай Қазақстанның бас сауда серіктесі және Қазақстан тауарларының ірі импорттаушысы болып отыр. Жаңатас ЖЭС, Тұрғысын ГЭС сияқты стратегиялық маңызы бар жобалар сәтті пайдалануға берілді. Шымкент МӨЗ-ді жаңғырту және реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Қауіпсіз, әрі тұрақты негізде Қытай-Қазақстан мұнай және газ құбырлары жұмыс істейді. Жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық номенклатурасын кедендік рәсімдеуден жедел өткізу үшін жасыл дәліз құрылды.

Си Цзиньпин сондай-ақ өзара тиімді екіжақты қарым-қатынас құру үшін іргетас болған төрт маңызды қағидатқа да тоқталған. Қытай тарапы Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғау туралы үнемі айтады. Бұл жолы да Төраға мақаласын сыртқы күштердің Қазақстанның ішкі істеріне араласуына жол бермейтінін айтып, түйіндеген.