ШЫҰ. Төраға елдің тындырымды істері
Астана саммитінде қазақ елі Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағалығын Қытайға тапсырады.
Бұл Қазақстанның төртінші мәрте жетекшілік жасауы. Біздің ел жыл көлемінде 6 бағытқа басымдық беріп, біршама іс атқарды. Нәтиже де жетерлік.
Бұл қазақ елінің Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төртінші мәрте төрағалығы. Қазақстан жетекшілік жасаған жылда 6 бағытқа басымдық берді. Мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қам жеп, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға сеп болды. Алыс-беріс пен энергетикалық ынтымақтастыққа ұйытқы болды. Цифрлық және экология саласына да серпін берді.
Қазақстанның төраға ретіндегі басым бағыттары
- Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету;
- Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту;
- Энергетикалық ынтымақтастықты нығайту;
- Цифрлық саланы дамыту;
- Экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайту;
- Мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту.
Айнұр Абайқызы, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:
- Басты тақырып – экология болды. Яғни, өздеріңіз білетіндей, қазір әлемде климаттың өзгеруіне байланысты қоршаған ортаны қорғау бірінші кезекке шығып отыр. Сондықтан Қазақстан осы бағытта көптеген бастамаларды жүзеге асырды. Осы саммиттің нәтижесінде Астана декларациясын қабылдау жоспарланған және жиырмаға жуық құжат қабылданады деп жоспарланып отыр.
Жиырмадан аса құжат қаралса, жыл бедері тындырымды істер мен байырқалы бастамаларға толы болғаны. Бұл қазақ елінің жыл бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ төраға тарап есірткі айналымын тоқтатудың тетіктерін табуға тырысты. Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын жасауға жетекшілік етті. Ортақ қор ашып, ұйым жұмысын реформалауды ұсынды.
Еркебұлан Қуанбай, «Қазақстан әлеуметтік даму институты» КЕАҚ сараптамалық талдау бөлімінің талдаушы-менеджер:
- ШЫҰ болмысына қарайтын болсақ, бұл – әскери блог емес, экономикалық ұйым емес, бірақ осындай диалог алаңына айналған ұйым. Президент атап өткендай, бұл жердегі қазіргі ең басты кемшілік қанша жылдан бері экономикалық іс-шараның емес, жобаның жүзеге аспай тұрғаны. Сондықтан мұнда инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл құрыла ма, құрылмай ма талқыланады. Бірақ осындай қор құрылады деп үміттенемін. Ол инвестициялық қордың аясында инфрақұрылымдық, көлік-логистика аясындағы жобалар жүзеге асуы мүмкін.
Сонымен бірге ұйымның сыртқы және ішкі саясатын тең ұстады. Биылғы Астана саммитіне мүше мемлекеттерден бөлек, серіктес, бақылаушы елдер және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдардың қатысуы сөзімізге дәлел.
Еркебұлан Қуанбай, «Қазақстан әлеуметтік даму институты» КЕАҚ сараптамалық талдау бөлімінің талдаушы-менеджері:
- Қазақстанның басты мақсаты – президент атап өткендей ШЫҰ әлемдегі беделін қалыптастыру, ықпалын арттыру. Сондықтан Қазақстанның ең басты мақсаты – ШЫҰ аясынан бөлек, мүше емес елдерден бөлек, халықаралық аймақтық ұйымдармен ынтымақтастығын дамыту.
Келесі кезек Қытайда. Жаңа төраға тыңнан түрен салып, ұйым жұмысын одан әрі ширата түсуге тиіс. Бастысы біздің елде басталған істердің одан әрі нәтижелі болғаны керек.
Шернияз Жалғасбекұлы, Марат Диханбаев, 24.KZ