Сарапшы: Қазақстан ШЫҰ төрағалығын абыроймен атқарды

Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын абыроймен атқарды.

Бір жылда 90-ға жуық іс-шара ұйымдастырылды. Олардың ішінде энергетикалық, туристік форумдар, Сыртқы істер министрліктері мен шекара ведомстволары басшыларының, Денсаулық сақтау және цифрлық даму министрлерінің отырысын айтуға болады.

Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы теңдік пен өзара сенім қағидаттары негізінде жұмысын одан әрі жетілдіріп отыр. Бұл іске Қазақстан белсенді қатысып, сүбелі үлес қосып келеді.

Мәскеудегі Халықаралық зерттеулер институты Қытай, Шығыс Азия және Шанхай ынтымақтастық ұйымы орталығының директоры Александр Лукин осындай пікір білдірді.

Сарапшы жаһанда болып жатқан геосаяси тұрақсыздық халықаралық жүйеге құрылымдық өзгерістер әкеліп, ұйымының әлемдік аренадағы маңызы одан сайын арта түскенін атап өтті.

Александр Лукин, Халықаралық зерттеулер институты Қытай, Шығыс Азия және ШЫҰ орталығының директоры:

- Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі және еуразиялық жобалар бойынша әрдайым белсенділік танытады. Мәселен, былтырғы саммитте Қазақстан президенті тұтас бір бағдарлама ұсынды. Ол қауіпсіздік пен экономикадан бөлек, энергетика және мәдени салаларды қамтыды. Мұның бәрі алдағы уақытта жүзеге асады деп сенеміз.