Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі. LIVE
Жаһандық сауда-саттықтың 15 пайызы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге тиесілі.
Бүгінде Қытайдан Орталық Азия мен Еуропаға дейін жөнелтілетін тауардың басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Виза алынып, шекара қақпасы ашылғалы барыс-келіс, транзит, сауда айналымы күрт өсті.
Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары аясында осы бағытта жоғары деңгейдегі стратегиялық келісімдер жасалып, жұмыс қарқын алары сөзсіз. Қазақстан мен Қытай арасында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық ынтымақтастық қазір қай деңгейде? Екі ел арасындағы байланыс көрсеткіштері қандай?
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазақстан Қытай мемлекеті үшін Батыс пен Орталық Азия елдеріне шығатын күре жол. Қазіргі әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайда еліміздің рөлі бұл тізбекте тіпті арта түсті.
ШЫҰ саммиті мен Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапарының қатар келуінің өзі бұған ерекше мән беріп тұр. Қытай экспорт, тауар айналымын бұдан әрі арттыра береді. Енді еліміз көрші елдің экспорт қарқынына ілесіп қана қоймай, көлік-логистика саласын дамыта түсуі тиіс. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойып отырған стратегиялық міндет.
Бүгінде қазақ-қытай шекарасындағы өткізу бекеттері 24 сағат режимде жұмыс істейтін болған. Елімізде логистика, көлік инфрақұрылымы мен транзиттік әлеуетті арттыруға күш салынып жатыр. Жалпы Қазақстанда 1300 шақырымға жуық жаңа теміржол салынады. Сонымен қатар 11 мың шақырым магистралдық желі жаңғыртылады. Мұндай қадам еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталып отыр.
Сондай-ақ, бірқатар шекаралық өткелдері ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта тиімді транзиттік трансконтинентальдық дәліздер желісі қалыптасқан. Қазақстан аумағынан 13 халықаралық көлік магистралі өтеді. Оның ішінде 5-і теміржол, 8-і автомобиль жолдары.
Кейінгі статистикаға сай Қазақстан мен Қытай елінің шекарасында логистикалық компаниялар саны артып отыр. Мәселен, 2022 жылы сауда логистикасы мен жүк жөнелту саласында небәрі 110 ғана компания жұмыс істеген. Мемлекет басшыларының деңгейінде жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде көрші елмен шекара ашылып, жүк тасмалдаумен айналысатында саны 4 есе көбейді. Бәсекелестік туып, қызмет көрсету жақсарды. Қазір қытайдың көліктеріне әлем бойынша сұраныс артты. Аспан асты елінің өндіріс және ақпараттық технологиялар министрлігінің мәліметіне сай, былтыр елде жалпы саны 30 миллион көлік шығарылған. Оның 5 миллионы өзге елдерге экспортталды. Ал Қазақстанға 2023 жылы автокөлік экспорты 307 пайыздан асқан. Биыл бұл меже 500 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Бұл аумағы 8 мемлекетпен шектесетін Шыңжаң Ұйғыр автономдық ауданындағы жалпы көлік экспортының жартысынан көп бөлігі. Қытайда жасалған көліктердің басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Қырғыз, Еуропа елдеріне Қорғас порты арқылы теміржолмен жөнелтілуде.
Әріптестік ШЫҰ Астанадағы саммитінен кейін нығая түсіп, бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алады. Ұйымға мүше 9 елдің халық саны 3 миллиардтан асады. Бұл жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдардың 45 пайызы. Енді оған Белорусь мемлекеті қосылады. Бұл – алып нарық, үлкен мүмкіндік.
Руслан Бақытбекұлы, 24.KZ, ҚХР, Бейжің