ШЫҰ саммиті әлемдік БАҚ назарында

Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті әлемдік БАҚ назарындағы басты тақырыпқа айналды.

Қалам ұстаған қауым Астанада өтетін шараның ауқымы мен маңызына тоқталып, жиыннан қандай нәтиже күтетінін жарыса жазып жатыр.

Астанада өтетін ШЫҰ саммиті қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа тарауын ашып, тұрақтылық пен өркениетке негізделген ауқымды қоғамдастық құруға үлес қосады. Ал халықаралық құрылымға Беларусь елінің қосылуы – ұйымның мүмкіндік алаңын кеңейтеді.

Қытайлық сарапшы Эва Зайверт ұйым саммитіне орай «The diplomat» халықаралық журналында көлемді мақала жариялап, осындай пікір білдірді. Автор басылым бетінде "Шанхай бестігінен" пайда болған ұйымның жыл сайынғы саммит аясында ауқымды мәселелер жан жақты талқыланып, маңызды шешімдер қабылданатынына сенімді екенін жазады.

Көрші қырғыз елінің белді басылымының бірі "Вечерний Бішкек" басылымында да халықаралық ұйымның көшбасшыларының Астанадағы басқосуына арналған мақала жарық көрді. Автор онда ШЫҰ-ның өңірлік қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды роліне тоқталады.

Әлемде геосаяси жағдай сәт сайын өзгеріп жатқан кезеңде Еуразия елдерінің тыныштығын тек өз күштерімен қамтамасыз ету керек деген пікір білдіреді автор. Осыған байланысты ұйым аясында сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл орталығын құру перспективасы қажет дейді. Бұл туралы шешім осы саммит барысында қабылданауы ықтимал деп жазады сарапшы.

Орталық Азия – "Бір белдеу, бір жол" жобасы аясында халықаралық инфрақұрылымды дамытудың маңызды діңгегі. Түркияның hurriyetdailynews басылымы осылай деп жазды. Мақалада былтыр өткен Орталық Азия елдерінің саммитінде Қытай өңірмен көлік байланыстарын кеңейтуге және Орталық Азия-Қытай газ құбырын салуға уағдаласқандығын атап өткен.

Осы саммитте Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты қарым-қатынаспен қатар, өңірлік және халықаралық серіктестікті дамытудың жолдарын талқылайды деп болжайды автор. 

Өзбекстандық gazeta.uz басылымы да Астанадағы саммитке шолу жасады. Онда ауқымды кездесуде көпжақты ынтымақтастықты дамыту және ұйым қызметін жетілдіру мәселелері қаралатыны баяндалған.

Автор Саммитте қабылданатын шешімдердің аймақ елдерінің экономика, қауіпсіздік, экология, энергетика, туризм және басқа да салалардағы әріптестігін арттыратынына сенімді екенін атап өткен.  

Әсия Нұрлыбаева, 24.KZ