ШЫҰ. Төрағалық Қытайға беріледі

Шанхай ынтымақтастық ұйымы тарихында Қазақстан биыл төртінші мәрте төрағалық етті.

Ұйымның беделі артқан сайын, төрағалық тізгіннің де жауапкершілігі жоғары. Мәселен, соңғы жылдары әлем жұртын әбігреге салған табиғи апаттар мен экологиялық проблемалардың шешімін күллі жаһан бірігіп еңсермесе болмайды. Сол себепті Қазақстан 2024 жылды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында «Экология жылы» деп жариялады.

Қазақстан биыл 6 ұйымға төрағалық етті. Ішіндегі ең ірісі – Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы жетекшілік. Мұндай жауапты міндет біздің елге әлбетте таңсық емес. Шанхай ынтымақтастық ұйымы тарихында төрағалық тізгінді төртінші мәрте еншілеп отырмыз. Биылғы саммиттің маңыздылығы да осында. Жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, баға беріледі.

Әмір Башбаев, ҚР СІМ жанындағы сыртқы саяси зерттеулер институты талдау және болжамдау тобының басшысы:

- Қазақстан үшін биылғы болатын саммиттің ерекшелігі өте зор. Бұл саммит бірінші рет ШЫҰ тарихында 2 форматта өтеді. Біріншісі – мемлекет басшыларының кеңесі болады. Одан кейін ШЫҰ+ форматында болады. Бұл форматқа ШЫҰ мүше мемлекеттерден басқа ұйымның серіктестері байқаушылары және шақырған қонақтар келеді. Бұл шараның маңыздылығы төраға ретінді жүргізген ауқымды жұмыстарымыздың қорытындысын жасаймыз. Сонымен бірге, алдағы уақыттағы жұмыс істеудегі басым бағыттарды айқындаймыз.

Президент былтыр ұйымның жетекшілігін Үндістаннан ала салысымен, төрағалық ететін жылда атқарылуы тиіс 6 міндетті ұсынды. Ұйымға мүше елдер қолдап, басын изеді бірден. Себебі алтауы да бірінен бірі өткен маңызды. Мәселен, ұйымның әуелдегі мақсаты қауіпсіздік пен тұрақтылық – кезек күттірмейтін бағыт. Одан кейінгісі цифрлық, энергетикалық ынтымақтастық. Соңғы жылдарда өзекті проблемаға айналған табиғи апаттар мен экологиялық проблемаларды да елеусіз қалдыруға болмайды.

Арман Ешмұратов, Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы:

- Білесіздер 2024 жылы ШЫҰ-да «Экология жылы» деп аталған. Бүкіл әлемдік Еуразияда жалпы осы елдер экологияға бет бұрып жатыр. Мұның маңыздылығы неде? Себебі осы ұйымдағы 9 мемлекетте 3 млрд-тан астам адам бар. Жалпы әлемдік жалпы өнімнің 25 пайызын осы 9 мемлекет жауып отыр. Оның үстінде халықаралық сауданы алсақ, 15 пайыз. Сол себепті ШЫҰ беделі мүлде басқа.

Иә, ұйымға мүше мемлекеттерде тұрып жатқан жұртшылық күллі әлем халқының жартысын алып жатыр. Ал жаһандық жалпы ішкі өнімнің 25 пайызы Шанхай ұйымындағы елдердің үлесінде. Осындай ауқымды мүмкіндіктерге ие бола тұра бір де бір ірі экономикалық жобаның жүзеге аспауын Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы саммитте қынжыла жеткізген еді. Сарапшылардың пайымынша, биылғы басққосуда Қасым-Жомарт Тоқаев серіктес елдерді экономикалық бағытқа күш салуға үндеуі тиіс.

Равшан Назаров, саясаттанушы /Өзбекстан/:

- Әуелде ШЫҰ Еуразия кеңістігінідегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты мақсаты болған. Бірақ қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық сұрақтар өзекті болып отыр. Экономикалық серіктестікті дамыту жағы ақсап тұр. Себебі ШЫҰ мүше мемлектетердің осы тұрғыда потенциалы жоғары екені түсінікті. Жер шарындағы тұрғындардың тең жартысын қамтып отырған аймақ. Үлкен мүмкіндіктердің алаңы.

Бұдан бөлек, таяуда ғана Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесуде Мемлекет басшысы халықаралық терроризм қайтадан күшейе бастағанына екпін түсіргені еді. Саммит аясындағы отырыстарда бұл да талқыланады.

Осылайша, Шанхай ондығының алдына бас-аяғы 20-дан астам құжат шығарылмақ. Біздің тарапымыздан ұсынылған бастамалар оң шешімін тауып, ұйымның беделін еселейді деген сенім басым. Қазақстан өзінен кейінгі төрағалық тізгінін шығыстағы көршіміз Қытайға тапсырады.

Айғаным Достанбай, 24.KZ