Си Цзиньпин: Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатыр

Маңызды құжаттарға қол қойған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды 24kz.

Қазақ елінің басшысы өзінің шақыруын қабыл алғаны үшін қытайлық әріптесіне шынайы ризашылығын білдіріп, қолға алынған стратегиялық жобалардың маңыздылығына тоқталды. Президент энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы саласында Қытаймен ынтымақтастық арта түсетінін және бұл мақсатта бірқатар келісімдер жасалғанын айтты. Сондай-ақ келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланысты және туризм саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса назар аударылғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қытай Төрағасының сапары аясында екі тарихи оқиғаның куәсі болдыңыздар. Біріншісі – «Астана» Халықаралық университетінің жанынан Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ бүгін құрметті Си Цзиньпин мырзамен Қазақстанда екінші «Лу Бань шеберханасын» ашуға келістік. Бұл тиімді әрі маңызды жоба елімізде жоғары кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны артты. Бұл тұрғыда үкіметтік грант санын көбейту, Қазақстан аумағында Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын ашу мәселесіне арнайы тоқталдық.

Ал, Қытай Халық Республикасының Төрағасы келіссөздердің жылы достық рәуіште өткенін және нәтижелі болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстанның БРИКС-ке кіруін қолдады. Си Цзиньпин Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын тағы да растады және еліміздің жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді.

Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:

- Біз бірқатар ауқымды мәселе бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Қытай мен Қазақстан арасындағы бірлескен мәлімдемеге қол қойып, ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындадық. Біздің қатысуымызбен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Аталған құжаттар екіжақты қатынасымыздың жоғары деңгейде дамуына тың серпін береді.