Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Астанаға келді

Бүгін Астана қонақ күткен үйдей қызу тірлік үстінде. Себебі Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті секілді маңызды жиын мінсіз өтуі шарт. Ал алпауыт елдердің басшылары бірінен соң бірі қазақ жеріне ат басын тіреді, деп хабарлайды 24kz.

Мәртебелі меймандарға жөн-жоралғыға сай құрмет көрсетілді.

Бүгін түске дейін Астанаға 3 бірдей мәртебелі мейман келді. Алғашқысы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин. Оны әуежайда Премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды. Владимир Путин Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады. Жалпы көрішлес Ресей – ұйымды құруға атсалысқан мемлекеттің бірі. Әрі біздің елмен сан салада берік қатынас орнатқан. Бір ғана тауар айналымы 7,4 млрд долларға жетті.

Моңғолия Президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Астанаға ұшып келді. Ухнаагийн Хурэлсухты әуежайда Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев қарсы алды. Жалпы Моңғолия – 2004 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына бақылаушы мәртебесін алған алғашқы мемлекет. Сол кезде бірлестік географиялық тұрғыда кеңейе түскен еді. Жалпы қазақ-моңғол ынтымақтастығының негізі берік екенін айта кеткен жөн. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $133 млн құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 27,7%-ке көп.

Алқалы жиынға қатысатын мәртебелі меймандардың қатарын Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев толықтырды. Әуежайдан оны Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев қарсы алды. Айта кетейік, екі ел арасындағы алыс-беріс айтарлықтай қарқын алған. Мәселен былтыр өзара сауда 14,4%-ке өсіп, 529,4 млн долларға жетті. Биыл да тараптардың қатынасында оң өзгеріс бар. 4 айда тауар айналымы 0,5%-ке өскен. Бұдан өзге, Әзербайжан аумағы қазақстандық мұнайды Еуропаға жеткізудің негізгі көзіне айналған. Биыл қаңтар-сәуір айларында 494 мың тонна мұнай жөнелтілді.

Сондай-ақ Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шариф те Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға келді. Елорда әуежайында оны Премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды. Бүгінде екі ел халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылын дамытуда. Сондай-ақ Қазақстан-Пәкістан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық ынтымақтастығын ілгерілетуге көңіл бөлініп отыр. Екі ел үшін IT-индустрия саласы да негізгі бағыт саналады.

Ал, Тәжікстан Президентінің борты Астана әуежайына түстен кейін келіп қонды. Мәртебелі мейманды Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы барып қарсы алды. Эмомали Рахмон Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады. Айта кетейік, Тәжікстан 2001 жылы ұйым құрылған уақыттан бері оның мүшесі. Соңғы 5 жылда елімізбен арадағы тауар айналымы 48%-ке ұлғайып, 1,1 млрд долларға жетіп отыр. Ал, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің өзара сауда-саттығы 2019 жылы 42 млрд доллар болса, былтыр бұл көрсеткіш 66 млрд долларға жетті.

Сондай-ақ бүгін Астанаға Өзбекстан президенті келді. Шавкат Мирзиёевті әуежайда Премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды. Аталмыш ел бұл ұйым құрылғаннан бері қатысушылар қатарында. Әрі ол – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Қазақ елінің Орталық Азиядағы барлық тауар айналымының шамамен 57%-і Өзбекстанмен байланысты. Былтыр екі мемлекет арасындағы өзара сауда көлемі 4,5 млрд доллар болды.

Садыр Жапаров ШЫҰ саммитіне қатысу үшін елордаға жетті. Қырғызстан Президентін Үкімет басшысы қарсы алды. Екі ел арасында сан салада берік қатынас орнаған. Өзара тауар айналымы тұрақты өсіп келеді. Соңғы 5 жыл ішінде бұл көрсеткіш 67,3%-ке артып, $1 572 млн-ға жетті.

Сондай-ақ кешке салым Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның ұшағы Астанаға қонды. Түрік басшысын әуежайда Премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды. Мәртебелі мейман Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысады. Түркия – ұйымға серіктес ел. Әрі Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіреді. Биыл арадағы алыс-беріс көлемі 1,6 млрд долларға жетті. Екі ел сауда көрсеткішін кемінде 10 млрд доллар деңгейіне жеткізуге ниетті.