ШЫҰ. Қытай төрағалығынан не күтеміз?

Астана саммитінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрғалығы Қытайға өтеді.

Төртінші мәрте жетекшілік жұмысын сәтті аяқтаған Қазақстан жыл бедеріндегі бастамаларын қорытындылайды. Ал жаңа жетекшіден не күтеміз?

Астана саммитінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағалығы Қытайға өтеді. Алдағы уақытта шығыстағы көршіміз бірлестікке экономикалық қарқын беретін сыңайлы. Сарапшылар осылай топшылап отыр. Былтыр қазақ басшысы жетекшілік жылдарындағы басым бағыттарды алдын ала баяндаған еді. Ал биыл ұйым ұстанымы қандай, оны Қытай төрағасы бүгінгі басқосуда мәлімдеуі мүмкін.

Айнұр Абайқызы, Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшысы:

- Айтып жатырмыз ғой, 21 ғасыр – Азия ғасыры деп. Яғни, бұл жерде Қытай жетекші орын алады экономика, барлық жағынан да. Қытай бұл ұйымның дамуына үлкен көңіл бөледі және барынша күш салатыны түсінікті. Сондықтан, Қазақстан да бұл үдерістен қалып қоймай, яғни бұл ұйымнан ұлттық мүддемізге не пайдалы, экономикалық дамыуымызға не тиімді, барлық мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек.

Иә, ұйым әлеуеті әлемде оң бағаланады. Мұндағы мүше мемлекеттерде жаһан жұртының жартысы өмір сүреді. Сондықтан, бұл бірінші кезекте теңдессіз сауда-айналымы. Жер шарындағы жалпы ішкі өнімнің 25 пайызы да осы ұйым елдеріне тиесілі. Бұл мүмкіндікті Қытай қапы жібермейтіні белгілі. Яғни, алда төраға тарап Шанхай ондығына экономикалық оң әсер береді. 

Амангелді Таженов, Сыртқы саясат институты төрғасының орынбасары:

- Қытай төрағалық еткенде осы ұйымда, бұл саяси  жағынан емес, сауда экономикалық жағынан көп нәтиже күтуге болады. Қытайдың ең негізгі старатегиясы – экономика. Соған байланысты, менің ойымша, Қытай тарапы экономикалық жағынан көп проект, ұсыныстар жасауы мүмкін. Бұл Қазақстанға өте пайдалы.

Азия орталығындағы Қазақстан үшін де Қытай төрағалығы тиімді болады. Одан бөлек, ортада алыс-беріс пен барыс-келіс жандана түседі. Мәселен, биыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы деп жарияланды.

Шернияз Жалғасбекұлы, 24.KZ