ШЫҰ саммиті. Шетел баспасөзіне шолу

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммиті жайлы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатыр.

16 елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысатын алқалы жиын туралы «Синьхуа», «Тасс» тәрізді беделді басылымдарда ауқымды мақалалар жарық көрді. Авторлардың пікірінше, қазақ жеріндегі саммит жаһандық деңгейдегі түйткілді мәселелерді шешуге сеп болады.

Қытай

Шанхай ынтымақтастық ұйымының рухы мен ашықтығы көптеген мемлекет үшін тартымды етеді.

Қытайдың Синьхуа агенттігіне берген сұхбат барысында Ресейдің Азия-Тынық мұхиты аймағы елдері орталығының директоры Наталья Печерица осылай деді. Оның айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзге елдер мен ұйымдарға қарсы бағытталған одақ емес. Керісінше, ол басқа мемлекеттер мен бірлестіктерді бірлескен жобаларға қатысуға, диалог құруға шақырады.

Ресей

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммиті әлемдік аренада бұрын-соңды болмаған өзгерістерге қарсы үйлестіруші рөл атқарады. Осылайша бірлестікке мүше мемлекеттердің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етеді.

Цинхуа университеті Ұлттық стратегия институтының саясаттанушысы Цянь Фэн ТАСС агенттігіне осындай пікір білдірді.

Оның айтуынша, ШЫҰ жаһанда болып жатқан күрделі жағдайларға қарамастан дамып, аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға маңызды үлес қосып келеді.

Пәкістан

ШЫҰ жаңа әлемдік саясат пен қауіпсіздікті нығайтуда шешуші рөл атқарады.

Пәкістанның Daily Times басылымында жарық көрген мақала осылай басталады. Автор аталған бірлестіктің тірегі – өзара сенім екеніне ерекше тоқталып, соның негізінде ұйымға мүше мемлекеттер тиімді саясат жүргізе алатынын жазады.

Бұдан бөлек, Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымының толыққанды мүшесі ретінде барлық елмен достық қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін мақала авторы назарынан тыс қалмаған.

Әзербайжан

Жаңа көкжиек, үлкен перспективалар: Әзірбайжанға Шанхай ынтымақтастық ұйымына бақылаушы-мемлекет мәртебесі не береді?

Әзербайжанның 1ньюс сайтындағы мақала осылай деп аталады. Автор әлемдегі геосаяси ахуал ықпалды халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты тереңдету қажеттілігін күшейтетінін атап өтеді.

Осы ретте Шанхай ынтымақтастық ұйымы жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау және жаһандық сын-тегеуріндер мен тәуекелдерге тиімді жауап табуда маңызды алаң екенін жазады.