ШЫҰ: Алты құрлықты біріктірер алты бағыт
Бастапқыда Шанхай бестігі, артынша сегіздік, енді үлкен ондық.
Қазақстан үшін қашан да Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлі ерекше. Еуразия кеңістігіндегі беделді ұйымға айналуына Қазақстанның сіңірген еңбегін ешкім даулай алмайтыны анық. Біздің ел төрағалық еткен жылда алты негізі бағытты ұстануды ұсынды.
Кешегі бестік, бүгінгі үлкен ондық. Шанхай ынтымақтастық ұйымының бұлайша ықпалды ортаға айналатыны кезінде ешкімнің түсіне кіріп шықпаған еді. Құрылғалы басы-қасында жүрген Қазақстан үшін Шанхай ұйымының әрбір жетістігі бағалы. Аз уақытта кез келгеннің тісі бата бермейтін ортаға айналғанына Астана саммиті дәлел. Олай дейтініміз, кешелі бері елімізге ағылған мемлекет басшылары мен ауқымды халықаралық ұйымдардың артында әлем жұртшылығының тең жартысы тұр.
Біздің ел үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының орны айырықша екені белгілі. Себебі бүгінгідей беделіне Қазақстанның төккен маңдай тері аз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұйымға қатысты жиындарда төбе көрсетуге тырысадs. Ұйымның жаңа тынысын ашуға, үн қосуға талпынады үнемі. Былтыр Самарқанд саммитінде ұсынған алты міндеттен-ақ аңғаруға болады мұны. Біріншісі – ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Олжас Бейсенбаев, Қазақстан қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары:
- ШЫҰ бастапқыда үш қауіппен қарсы күресеміз деп айтылды ғой. Олар – терроризм, экстремизм, сепаратизм. Енді қазіргі кезде қарайтын болсаңыз, трансұлттық деңгейдегі қауіп-қатерлер мен сын-тәуекелдер көбейіп келе жатыр. Оның ішінде киберқылмыс бар. Оның ішінде ұйымдасқан халықаралық мына қылмыстық топтарға қарсы күрес бар. Есірткі тасымалы бар. Олар, яғни қандай да бір шекараға қарамайды. Екінші бір елге өтіп кету қатері өте үлкен.
Тұрақтылық, қауіпсіздік мәселесінде мүдделес елдердің байланысы алыс-беріспен нығая түссе, нұр үстіне нұр емес пе?! Былтыр Мемлекет басшысы сауда-экономикалық қатынасты кеңейтуді екінші басымдық ретінде атаған еді. Оған себеп те жоқ емес. Ұйымға мүше мемлекеттердің географиялық тұрғыда орналасуы мінсіз, көлік-транзит саласындағы әлеуеті мықты, нарығы да ауқымды. Дайын өнім, шикізат дейсің бе... қысқасы, қалағаныңның бәрі бар. Бірақ осыларды жеткілікті деңгейде пайдалана алмай отырмыз деп қынжылған. Осы ретте Астана саммитінде Қазақстанның бастамасымен ШЫҰ инвестициялық қорын құру туралы шешім қабылдануы мүмкін дейді сарапшылар.
Қазбек Майгелдинов, “Қытайды зерттеушілер қауымдастығы” ҚҚ төрағасы, саясаттанушы:
- Биылдан бастап Қазақстан бірнеше бастама көтерді. Оның ішінде біріншіден – экологиялық тұрақтылық. Одан кейін екінші бір мәселе, Қазақстан үшін өте маңызды. Жалпы әлем үшін де. Бұл – цифрландыру мәселесі. Яғни ШЫҰ аясында цифрландыру технопарктарын құру. Бұл не үшін керек? Қазіргі таңды ҚХР әлем бойынша нөмірі екніші экономика дегенмен, жасанды интеллект, технология бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан мемлекет. Осы тұрғыда елдермен тәжірибе алмасу мәселесіне ден қойып отыр Қазақстан.
Расында, әу баста аймақтағы қауіпсіздік мақсатында құрылған шағын ұйымның бүгінгідей беделді ортаға айналатынына сенгендер аз болды. Уақыт қашан да төреші. Қазір Шанхай ұйымынан шыққысы келетіндердің емес, керісінше ұйымға кіруге ниеттілердің қатары көп. Демек, әлемдік деңгейдегі одақтармен иық тіресе теңесуі үшін энергетикалық ынтымақтастық та олқы болмауы керек. Біздің Президент ұсынған басым бағыттардың кезектісі осы.
Чжан Мин, Шыұ Бас хатшысы:
- Әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы үздіксіз трансформацияны талап етеді. 2022 жылы Самарқандтағы саммитте өзгерістердің қажет екенін айтқан едік. Енді сол өзгерістерге бастайтын келесі шешімдерді ертеңгі Астана саммитінде талқылағалы отырмыз. Ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрліктері тарапынан ұсыныстар пакеті беріледі. Бұл ұйымымыздың болашақ бағдарын айқындамақ. Осы орайда әр мемлекеттің жеке мүдделері мен қауіпсіздік мәселесі есепке алынады. Ұйымның қызмет аясы кеңейіп, жаңа органдар пайда болады.
Негізі алты бағыттың соңғысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту. Мемлекет басшысы ұйымға мүше елдерді жақындатудың тағы бір тиімді тетігі – туризм деп есептейді. Расымен, жаһан жұртының 45 пайызын қамтитын ШЫҰ кеңістігі әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған алып туристік нарық саналады. Қазақстан тарапынан ортаға тасталған ұсыныстың бірсыпырасы осы. Бүгін де саммит аясында бірқатар бастама мінберде айтылады.