Тоқаев "Шанхай ондығының" басты бағытын атады
Қасым-Жомарт Тоқаев "Шанхай ондығына" кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқталды.
Президент қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуды бірінші маңызды бағыт ретінде атады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие. Ұйымға мүше мемлекеттерге "Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы" ШЫҰ бастамасын жүзеге асыру дәл осы мақсатпен ұсынылды.
Президент Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт келгенін айтты. Бұл ретте "Үш зұлым күшпен" күрес мәселесі әрдайым жіті назарда болуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту Ұйымға мүше елдерге ортақ тағы бір маңызды міндет екеніне назар аударды. Сонымен қатар ұйымға мүше мемлекеттердегі ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынды.
Қазақстан Президентінің пікірінше, бүгін халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қабылданатын Өзара іс-қимыл жоспары аталған мақсаттарға сай келеді.