Астана ШЫҰ ХХІV саммитін абыроймен атқарды

Астана Шанхай ынтымақтастық ұйымының 24-саммитін абыроймен атқарды.

Елордадағы басқосуға 16 елден мемлекет және үкімет басшылары келді. Сондай-ақ, БҰҰ секілді белді бірлестіктердің өкілдері де осы жиынға қатысты. Алдымен, ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті.

Онда 25 құжат қабылданды. Құжаттар жаһандық бірлік, бейбітшілік, ұйымның даму стратегиясы, экология және ақпараттық қауіпсіздік сияқты өзекті мәселерді қамтыды.

Сондай-ақ, халықаралық ұйымға Беларусь республикасы қосылып, ұйым оныншы тараппен толықты. Ал төрағалық шығыстағы көршіміз – Қытайға өтті.

3 президент маңызды мәлімдеме жасады. Қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та төраға ел ретінде қатысушыларға қонақжайлық лебіз білдіріп, ұйымның маңыздылығына тоқталды. Әрі қарай, жиын жұмысы кеңейтілген кездесуге ұласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, былтыр әлемдік жалпы ішкі өнімнің 24 пайызы Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы елдерге тиесілі болды. Яғни, 25 трлн долларға жуықтаған. Қазақстанның дәл осы халықаралық ұйымдағы мемлекеттермен тауар айналымы 66 млрд долларға жетті. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 56 пайызға көп. Біздің елдің ең ірі сауда серіктесі – Қытай.