ШЫҰ саммиті: Шетел баспасөзіне шолу
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде қозғалған мәселелерді әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары таразылап жатыр.
Бұл орайда біздің елдің өзінде 700-дей шетелдік тілші келіп жұмыс істеген еді. Сарапшылар да саммиттің саяси-экономикалық және басқа да бағыттағы маңызын бағалап жатыр.
Қатар
Қатардың "Гулф Таймс" агенттігі Астанада өткен саммитке үлкен мақала арнады.
Автор Шанхай ынтымақтастық ұйымы отырысының ауқымы мен маңызына тоқталып, жиын өзара тиімді серіктестікті нығайту ісінде бірлестіктің басты алаңы ретіндегі рөлін дамытуға арналған іс-шара болғанына ерекше назар аударды.
Бұдан бөлек, ұйымға жаңа мүше мемлекеттің қосылуы аталған құрылым үшін елеулі қадам екенін атап өтеді. Бұл Шанхай ынтымақтастық ұйымы алдында тұрған мақсаттарға қол жеткізуге және өз ықпалын арттыруға мүмкіндік береді дейді.
Ресей
Шанхай ынтымақтастық ұйымы жаһандық қауіпсіздікті қаматамасыз ету ісінде БРИКС сияқты шешуші алаңға айналуға мүмкіндігі зор.
Ресейдің Риамо агенттігіне берген сұхбатында "Халықаралық өзара іс-қимыл және ынтымақтастық орталығының" құрылтайшысы Алексей Малинин осындай пікір білдірді.
Көпполярлы әлемдік тәртіпке өту дәуірінде бірлестік мемлекеттер арасында тығыз ынтымақтастық құру бойынша жоғары сұранысқа ие құрылым саналады дейді Малинин.
Куба
Шанхай ынтымақтастық ұйымы әлем бойынша әлеуеті ең жоғары өңірлік құрылым саналады.
Саяси ғылымдар және құқық университетінің профессоры Пан Дэн Кубаның Пренс латина агенттігіне берген сұхбатында осылай деді. Пан Дэннің сөзінше, ұйым серіктестік, теңқұқықтық қатынастар негізінде жұмыс істейді.
Осы ретте Астанадағы саммитте мемлекеттер басшылары прагматикалық ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылап, ұйымның орта және ұзақ мерзімді жоспарларын айқындады.
Бұдан бөлек, сарапшы "Бір белдеу, бір жол" бастамасының Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібімен үйлесім тапқанын айрықша атап өтіп, ол Еуразиядағы инфрақұрылымды, сауда және инвестиция саласын дамытуға ықпал етеді деп жазды.
Ғани Мұқаш, 24.KZ