Сарапшы: ШЫҰ саммиті Астананың абыройын асқақтатты
Еліміздің ресми ШЫҰ-на төраға ретінде жыл бойы атқарған жұмысының нәтижесі Астанадағы саммитте қорытындыланды, деп хабарлайды 24kz.
Төрткүл дүниеден жиналған меймандар мен сарапшылар қауымы Қазақстанның төрағалық қызметін жоғары бағалады.
Ресми Астана ШЫҰ саммитін абыроймен атқарды. Бұл – халықаралық құрылымға төрағалық еткен елдің жыл бойы атқарған жұмысының жемісі. Орталық Азия стратегиялық ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Қазақстанның қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту сияқты бірнеше негізгі бағыттарды ілгерілету миссиясын жауапты жүзеге асырғанын атап өтті.
Джаблон Вахабов, Орталық Азия Халықаралық институтының директоры :
- ШЫҰ Еуразиядағы ең ірі бірлестіктің біріне айналды. Көп мемлекеттің бұл құрылымға назар аударуы ШЫҰ-ның дұрыс бағытта келе жатқанын аңғартады. Ал Қазақстанның төрағалығы өршіл мақсаттарға қол жеткізуге елеулі үлес қоса білді деп ойлаймын. Астанадағы ШЫҰ саммиті барысында қабылданған барлық уағдаластықтар іске асырылады деп сенеміз.
Сондай-ақ Қазақстанның төрағалық ету мерзімі геосаяси шиеленіс пен сын-қатерлер артып, жаңа қақтығыстар өршіген кезеңге тап болды. «Соған қарамастан, Қазақстан сындарлы сәтте геосаяси түйткілдердің тамырын дөп басып, өзін дипломатиялық саясаткер ретінде танытты», - дейді сарапшылар,
Правеш Кумар Гупта, Үндістан Сараптама орталығының ғылыми қызметкері:
- Саммит жаһанда түрлі қауіп-қатер мен қарулы қақтығыстар көбейген қиын кезеңде өтті. Сондықтан мұнда басты міндет өзара татулық мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды деп ойлаймын. Қабылданған барлық жобалар аймақтың әл-ауқатын арттыруға бағытталады.
Ұйымның бас хатшысы Чжан Мин де Астана саммитінің жемісті, нәтижелі болғанын атап өтті. Сондай-ақ «Қазақстанның төрағалығы ұйым тарихындағы маңызды кезең болды. Құрылым қызметіне серпін беріп, жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарды» деп бағалады.
Чжан Мин, ШЫҰ бас хатшысы:
- Төрағалық ету кезеңінде қазақстандық тарап түрлі салада 140-тан аса іс-шара ұйымдастырды. Экономикалық, инвестициялық, көлік, мәдени-гуманитарлық және экологиялық аспектілерге басымдық берілді. Біздің ойымызша, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы өте мазмұнды болды.
Астана саммитін шараға қатысушылар ғана емес, әлем ақпарт құралдары мен сарапшылар жіті бақылап, әр сәтті қалт жіберген жоқ. «Бұл Қазақстанның әлемдегі мәртебесін айғақтап, ұйымның дамуына тың серпін берді», - дейді сарапшылар.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева