Өзбекстандық сарапшы: ШЫҰ жұмысы жандана түсті

Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалығы бірлестіктің кей бағыттар бойынша тұралап қалған жұмысын жандандыра түсті. Мұндай пікірді өзбекстандық сарапшы Бахтиёр Эргашев білдірді, деп хабарлайды 24kz.

Ол біздің ел бастамасымен әзірленген «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» тұжырымдама әділ әлемдік тәртіп орнатудың алғышарты болатынын атап өтті.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Өзбекстан Шанхай ынтымақтастығы ұйымының жұмысына баса мән беретін мемлекеттің бірі. Оның мүшесі ретінде маңызды миссиясын жалғастырып келеді. Көршімізде екі жыл бұрын өткен Самарқанд саммитінде елдің қауіпсіздік һәм экономикалық тұрақтылығын сақтап, дамуға серпін беретін құжаттар қабылданған. Биыл Қазақстан да төрағалығын табысты аяқтап отыр. Астана саммиті алаңында біздің тарап ұйымға мүше, бақылаушы және серіктес елдермен екіжақты келіссөздер жүргізіп, өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді. Соңғысы Шанхай ынтымақтастығы ұйымының мақсат-міндетіне кіреді. Құрылым тұтас Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік қана емес, экономикалық бастамаларды іске асыратын алаң. Осы ретте өзбекстандық сарапшы Бахтиёр Эргашев Қасым-Жомарт Тоқаевтың саммиттегі ұсыныстарына тоқталды.

Бахтиёр Эргашев, «MA'NO» зерттеу бастамалары орталығының директоры:

- Төрағалық ету Қазақстанға өткен уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шанхай ынтымақтастық ұйымы дамудың жаңа тәртібі мен негізін қалыптастыруға бағытталған бастамалар алаңына айналуы тиіс» деген болатын. Енді міне, Қазақстанның жетекшілігімен «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» маңызды құжат қабылданды. Онда бүгінде барша адамзатты алаңдатқан мәселелерге қатысты Шанхай ондығының көзқарасы мен шешу жолдары баяндалған. Қазір әлемді әділдікке үндейтін, даму жолында заман талабына сай келетін қағидалар керек. Ұйым осы миссияларды абыроймен орындап келеді. Оның ішінде Қазақстанның төрағалығы бірлестіктің кейбір бағыттар бойынша тұралап қалған жұмысын жандандыра түсті.

Құжат неоколониализм жүйесінен толық арылу проблемаларын қамтыған және оны ұйымға мүше елдердің барлығы қолдап отыр. Сарапшының пайымынша, мұндай көзқарас жаһандық жаңа тәртіпті орнатуға септігін тигізеді. Бахтиёр Эргашев мемлекет басшысының ірі экономикалық жобаларды бірлесіп іске асыру жөніндегі бастамасын да жоғары бағалады. Себебі қауіпсіздік мәселесінен бөлек, экономикалық ынтымақтастықты нығайту ниеті барлық тарап үшін де қарқынды дамуға жол ашады. Оның үстіне құрылымға әлемнің ірі экономикалары мен аймақтық державалары мүше. Сарапшы пікірі сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, Шанхай ондығының беделі мен салмағын арттыра түсу маңызды дегенге саяды.

Авторы: Рауан Мыңбаев