Саммитте қабылданған құжаттардың маңызы зор – сарапшылар
Астанада қабылданған құжаттардың стратегиялық маңызы зор. Түркия зерттеу орталықтары сарапшылары елродадағы самитте бекітілген келісімдерге осындай баға берді, деп хабарлайды 24kz.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында 25 құжатқа қол қойылып, құрылымының шарттық базасы жаңа келісімдермен толықтырылды. Бірлестік серіктестері саналатын халықаралық ұйымдар қатары көбейді. Бірақ экономикалық даму үшін ең алдымен әділдік пен диалог орнату қажет. «Дәл осы ұстанымдар Астана декларациясының басты қағидаларының бірі», - дейді Түркиядағы «Тұран» стратегиялық зерттеу орталығының сарапшысы Жесурхан Таш.
Жесурхан Таш, «Тұран» стратегиялық зерттеу орталығының сарапшысы:
- Саммиттің «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» тұжырымдамасы өте маңызды. Себебі, экономикалық даму тек келісім мен әділдік болғанда жүзеге асады. Елордадағы жиында да ең көп қозғалған тақырып диалогқа негізделген қауіпсіздік пен тұрақтылық жайы болды. Біз мұны толықтай қолдаймыз.
Түркі халықтары тарихта әрқашан әлем бейбітшілігіне елеулі үлес қосып келген. Елмен елді бітістіруде кез келген мәселенің түйінін келіссөзбен шешіп отырған. Еуразия стратегиялық зерттеу орталық қауымдастығы басшысының айтуынша, Қазақстан осы бабалар жолын қазірде ұстанып отыр.
Мехмет Пекер, Евразия стратегиялық зерттеу орталық қауымдастығы басшысы:
- Бастапқыда «Үлкен бестік» деп құрылып, қауіпсіздік саласын қамтыған Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүгінде әлемде беделді бірлестікке айналып отыр. Астана декларациясынан кейін оның мәртебесі тіптен арттты. Себебі, қабылданған құжаттардың стратегиялық маңызы зор. Оның үстіне жиынға түбі бір түркі жұртының барлық басшылары қатысып, қолдау көрсетті. Бұл қазақ еліне деген үлкен құметті білдіреді.
Астанада қабылданған шешімдердің маңызы зор. «Сондықтан бастаған істі тоқтатпай жүйелі жалғастыру қажет», - дейді сарапшылар.
Авторы: Меруерт Қанағат