Астана декларациясы тұрақтылық кепіліне айналады
«Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммитін, тұтас әлемдік қауымдастық бақылады.
Оның ішінде түрлі мемлекеттің басшылары да бар. Бұл бірлестікке деген қызығушылық пен онымен серіктес болуға ниетті елдердің көптігін білдіреді». Өзбекстандық саясаттанушы, ұлттық ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров, арнамызға берген сұхбатында осылай деді. Ол халықаралық жиында қабылданған Астана декларациясының маңызына тоқталып, құжаттың Еуразия кеңістігінде тұрақтылық пен дамуға кепіл болатынын атап өтті.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Шанхай ынтымақтастық ұйымы әлемдік деңгейде беделді халықаралық диалог алаңы екенін дәлелдеді. Қазақстан тарапы жетекшілік еткен уақытта оның жұмысына жаһан жұртының қызығушылығы артқан. Өзбекстандық саясаттанушы Равшан Назаров осындай пікірде. Айтуынша, саммитте қабылданған Астана декларациясы еуразиялық деңгейде ынтымақтастық, тұрақтылық және дамуға кепіл болатын құжат. Бұл жолы саммитте энергетика, экология, есірткіге қарсы күрес және көлік-логистика саласын қамтитын келісімдер де жасалған. Соның ішінде сарапшы транскаспий дәлізін дамыту жөніндегі бастамаға тұтас әлем құлақ түргенін айтады. Себебі оған мүдделі тараптардың барлығы Астанада бас қосып, жобаны іс жүзінде жүзеге асыруға тың серпін берді. Осының өзі Шанхай ондығының Астанадағы кеңесі нәтижелі болғанын білдіреді.
Равшан Назаров, саясаттанушы, Ұлттық ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері:
- Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Қазақстан астанасында өткен саммиті шын мәнінде тарихи оқиға болып отыр. Оған Беларусьтің мүше болып кіруі де жиынның маңызын арттыра түсті. Ұйымға қосылғысы келетін елдердің саны әлі көп. Себебі бірлестік әлемдік деңгейде диалог алаңына айналды. Ол өңірліктен еуразиялық интеграцияға көшті. Қазір онымен серіктес болуға Оңтүстік Америка және Африка елдері ниетті. Астанада қол қойылған 25 түрлі құжаттың әрқайсысы маңызды. Соның ішінде Астана декларациясы еуразиялық кеңістікте тұрақтылық пен дамуға кепіл болатын құжатқа айналады.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Равшан Назаров саммитте Ауғанстан мәселесіне айрықша көңіл бөлінгенін де орынды деп есептейді. Бұл мемлекет көптен бері Шанхай ондығына толыққанды мүше болуға ниетті. Сол арқылы сыртқы нарықпен қауіпсіздік және инвестициялық ынтымақтастық орнатпақ. Өз кезегінде ұйым мүшелері Ауғанстандағы ахуалды реттеуге ықпал ететін лаңкестік, сепаратизм және экстремизм бағытындағы бағдарламаны бекітіп отыр. Соңғысы тек Орталық Азия ғана емес, ауған жерінде тұрақтылық орнатуға сеп болады. Әрі сол мемлекеттің құрлықтық деңгейде транзиттік дәліз ашуына ықпал етеді. Көрші елдің сарапшысы Астанадағы саммит нәтижесін осылай деп бағамдап отыр.
Рауан Мыңбаев