ШЫҰ саммиті серіктестікті кеңейтті

Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық өзге елдерге үлгі.

Бұл бағытта көршілес екі мемлекеттің 30 жыл бойы қалыптасқан тәжірибесі мемлекетаралық қарым-қатынастарды тиімді дамытудың үлгісі бола алады. Екі ел арасындағы достық байланыс Астана саммиті кезінде айқын көрініс тапты. Қытайлық сарапшылар осындай мәлімдеме жасады. Қытай Қазақстанды «Бір жол, бір белдеу» бастамасының белсенді қатысушысы әрі жобаны алғаш болып қолдаған ел деп біледі. Жоба екіжақты сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық сияқты өзге де маңызды салаларда әріптестік орнатуға тікелей ықпал етті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінде көтерген бастамалары тек қазақ-қытай үшін емес, ұйымға мүше бүкіл елге тиімді.

Дин Сяосин, Қытай Халықаралық қатынастар Еуропа және Азиялық зерттеулер институтының директоры:

- Астана саммитінің Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапарымен қатар келуі тарихи маңызға ие. Бұл қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашты. Сапар барысында қос елдің басшылары негізгі ортақ мүдделерге қатысты бір-біріне қолдауын білдіріп, ол бірнеше құжатпен бекітілді. Сондай-ақ саммитте қабылданған шешімдер мен келісімдер ұйым елдері арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарады.