Олжас Бектенов Алматыда индустриалды аймақ кәсіпорындарын аралады

Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында индустриялық аймақтағы кәсіпорындарды аралады.

«Ирригатор Қазақстан» зауытында Израиль технологиясымен егістікті тамшылатып суаруға арналған  түтікшелер шығарылады. Өндіріс ошағы жылына 270 млн метр көлемінде өнім шығаруға қабілетті. Премьер –министр бұл жоба суды үнемді тұтыну үшін маңызы зор екеніне тоқталып, өнімді сату жөнінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен бірлесе іс-қимыл жүргізуді тапсырды. Одан кейін, Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорнының жұмысымен танысты. Зауыт басшысы кәсіпорын алаңын 40 мың шаршы метрге ұлғайтып,  жұмыс орындарының санын 1700-ге жеткізу жоспарлары жөнінде баяндады. Сонымен қатар, жылына 90 мың жеңіл автомобиль шығара алатын мультибренд зауытын 2025 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Онда автокөлікке арналған қосалқы бөлшектер шығаратын үш зауыт және логистикалық хаб кіреді. Олжас Бектенов Үкімет отандық автоөнеркәсіпті қолдау шараларын одан әрі жалғастыратынын атап өтті. Алдағы уақытта бизнес ұдайы дамып, локализацияны арттыруы керек. Индустриялық аймақта Үкімет басшысына Wildberries жаңа логистикалық тарату орталығының құрылысы туралы да баяндалды. Бұл екі ірі жобаның бірі елордада іске қосылады. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.