Сенат төрағасы Х БРИКС Парламенттік форумына қатысты
Сенат төрағасы бастаған бір топ депутат Х БРИКС Парламенттік форумының қорытынды жиындарына қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Мәулен Әшімбаев сапар аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен жүздесіп, екі елдің байланысына Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің жақында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары және оның Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуы тың серпін бергенін айтты. Мемлекет басшылары қол қойған бірлескен мәлімдеме жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайта түскенін атап өтті.
Сенат спикері сондай-ақ Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен де кездесті. Тараптар екі мемлекеттің қарым-қатынасы барлық бағыт бойынша серпінді дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ғылым, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм, білім беру және өңіраралық өзара іс-қимыл саласындағы бірлескен жобаларды әрі қарай арттыруға мүдделі екендерін жеткізді.
Бұдан бөлек, Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нұрланбек Шакиевпен және Үндістан Халық палатасының спикері Ом Бирламен кездесу өткізді.