ҚХА жастары ірі халықаралық ұйымдармен ықпалдастық орнатуға ниетті

Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары ірі халықаралық ұйымдармен өзара ықпалдастық орнатуға ниетті, деп хабарлайды 24kz.

Бұған еліміздің Сыртқы істер министрлігі септеседі. Бүгін тараптар осы мақсатта арнайы кездесу өткізіп, алдағы қадамдарды бағамдады. Мәселен, ЮНЕСКО ұйымының Париж қаласындағы штаб-пәтерінде көрме ұйымдастырып, «Ассамблея жастарының» қызметін таныстыру жоспарланған. Ұйымның жаһандық жастар қоғамдастығына мүше болу да көзделіп отырған мақсаттың бірі. Сондай-ақ Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы Жастар форумы өзге де бірлестіктердің жастар кеңестерімен серіктестік орнату да жоспарда бар. Жаңа бастамалар, ел жастарының әлемдік деңгейдегі білім беру, гуманитарлық және қоғамдық бағдарламаларына қатысуға мүмкіндіктер береді. Осылайша, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа тетіктері қалыптастырылып, жастарымыздың әлеуеті, әлем елдеріне одан әрі таныла бастайды.

Әлібек Бақаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Жастар экономиканың дамуына, еліміздің әлеуметтік саласы мен мәдени өміріне белсенді үлес қосуда. Олар біздің қоғамдық тұрақтылығымызды нығайтуға ықпал етіп отыр. Инновациялар мен жаңғыртуға үлкен жауапкершілік және міндет алып отыр. Сыртқы саясат ведомствосы Мемлекет басшысының жастар жобалары мен бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге әрқашан дайын.

Валихан Бахретдинов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

- Мәселен, білім саласында экономикалық және әлеуметтік комитеттің отырыстары жылда бір рет Нью-Йоркте өтеді. 2017 жылдан бері экономикалық және әлеуметтік комитеттің жастар форумы өтеді. Осы жастар форумына ҚХА өкілдері қатысу. Оған қоса, соңғы 3 жылда ЮНЕСКО жастар платформасы құрылған болатын, осы платформа аясында Қазақстанның жастарын да қосу көзделіп жатыр.