Олжас Бектенов Семейдің бас жоспарымен танысты

Олжас Бектенов Семейдің бас жоспарымен танысты

Абай облысына жұмыс сапарымен барған премьер-министр Олжас Бектенов Семей қаласы Бас жоспарының жаңа жобасымен танысты.

Үкімет басшысы қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау және абаттандыру жұмысын тексерді. Сонымен қатар жаңа автомобиль көпірі құрылысының барысымен және аспалы көпірді реконструкциялау жоспарымен танысты. Бұдан бөлек Олжас Бектнов өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды да аралап көрді. Үкімет басшысы «Эйкос» резеңке техникалық бұйымдар шығару және қайта өңдеу зауытында болып, онда қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту барысын қадағалды. Бұл компания Қазақстанның үздік 50 ірі жеке салық төлеушілерінің қатарына кіреді. Былтыр шамамен 1,5 млн шина сатылып, бюджетке 9,5 млрд теңгеден астам қаржы төленді. Қайта өңдеу нәтижесінде қауіпсіз жабындар, термопластика, сым сынды керек-жарақты алуға болады. Кәсіпорын жұмысымен танысқан премьер-министрі Олжас Бектенов бүгінде елде 10 компания қалдықтарды жинау және қайта өңдеудің өзіндік жүйесін пайдаланатындығын айтты. Олардың басым бөлігі шиналарды импорттайтын және қайта өңдейтін кәсіпорындар. Үкімет басшысы бұл бастаманы қолдайтынын жеткізіп, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі ұйымдармен бірлесіп, аталған мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Олег Демиш, зауыт директоры:

- Біз жылына 11 мың 600 тонна шинаны қайта өңдейтін зауыт салдық. Бұл цехта резеңке сұйық отын және қатты гранула ретінде өңделеді. Жылына бұл жерде 2 мың тонна шина кәдеге жаратылады. Шикізаттың барлығы өз қажеттіліктерімізге жөнелтіледі.