Қошанов: Кеншілердің қауіпсіздігін күшейту қажет
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы
Қарағанды облысында бірқатар әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Депутаттар «Qarmet»-тің көмір департаментіндегі жаңа диспетчерлік-сараптамалық орталықта да болды. Өндірістік қауіпсіздікті бақылауға жауап беретін нысанның, оттегі деңгейі мен метан концентрациясын өлшеу жұмыстарын көрді. Мамандар шахталардың жағдайын тәулік бойы бақылайды және кез келген қызметкермен байланысқа шыға алады. Кездесу барысында Мәжіліс спикері жаңа инвесторға өндірісті кешенді түрде жаңғырту қажеттігін айтты. Кәсіподақ мүшелерімен кездесу барысында жұмысшылар мен шахтерлерге мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды күшейту мәселелерін талқылады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- «Qarmet»-тің қазақстандық компанияның меншігіне қайтарылғаны Қарағанды үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға болғаны белгілі. Бұл Мемлекет басшысының маңызды саяси шешімі болды. Жаңа инвестор өндірісті кешенді түрде жаңғыртуға міндетті. Бес жыл ішінде комбинат металлургия көшбасшысы статусын қайтаруы керек. Бұл ретте еңбек қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту қажет. Ең бастысы – біздің жұмысшыларымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау.
Андрей Лаврентьев, «Qarmet» АҚ құрылтайшысы:
- Бұл нысан өндірістік қауіпсіздікті бақылауға жауап береді, оның ішінде оттегі деңгейі мен метан концентрациясын өлшеу жұмыстары да бар. Мамандар шахталардың жағдайын тәулік бойы бақылайды және кез келген қызметкермен байланысқа шыға алады.
Депутаттар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты
Бұдан бөлек Мәжіліс спикері Қарағандыдағы бірқатар нысанның жұмыс барысымен танысты. Бұқар-Жырау ауданындағы Садовое және Чкалов ауылдарына барып, су тасқынынан кейінгі қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстарын көрді. Сонымен қатар Қарағандыдағы мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығы, Күнгей шағын ауданында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылыс барысымен танысты.