Орталық Азия мен Корея сарапшылары кездесті

Ташкентте Орталық Азия және Корея Республикасы сараптамалық орталықтарының алғашқы форумы өтті.

Енді таң самалы елінің мамандарымен екіжақты ынтымақтас жолға қойылмақ. Орталық Азия халықаралық институтында өткен басқосуда көпжақты форматтағы байланыстың 2007 жылы қалыптасқаны айтылды. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі 16-шы кездесуде сарапшылардың өзара әріптестігін дамыту ұсынылды. Осылайша Ташкент 6 бірдей мемлекеттің сарапшылар қауымдастығы өкілдерін қабылдап отыр. Мамандар Орталық Азия мен Кореяның экономикалық мүмкіндіктерін талқылап, ынтымақтастықты арттыру жолдарын саралады. Мәселен, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты креативті секторда қалыптасуы мүмкін синергияның маңызына тоқталды. Форум нәтижесінде түрлі ұсыныстар әзірленіп, президент және министрлер деңгейіндегі кездесулердің хаттамасына енгізілетін болды. 

Жавлон Вахабов, Орталық Азия халықаралық институтының директоры:

- Мақсатымыз – Корея Республикасы Президентінің Орталық Азия жасаған сапарын қорытындылау ғана емес, келер жылғы «C5+Корея» саммитіне дайындықты бастау әрі ұсыныстар әзірлеу болып отыр. Бұл мемлекет біздің аймақпен осыдан 17 жыл бұрын көпжақты ынтымақтастық құрып, «Орталық Азия-Корея» форматындағы кездесуді алғаш болып өткізген болатын. Кейін сол жолмен басқа да мемлекеттер жүріп келеді. Бұл жағдай бізге тікелей шетелдік инвестиция тартуға сеп болады. 

Айдар Құрмашев Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

- Қазір креативті салада байланысты одан әрі дамытқымыз келеді. Оңтүстік Корея осы салада кино және басқа да салаларда өзінің үлкен дәрежесін көрсетіп отыр. Олардың тәжірибесі бізге бағалы болуы мүмкін. Және қазір жаңа толқынды байқауға болады. Біздің талантты жастарымыз да өзінің деңгейін халықаралық аренада көрсетіп жатыр.