Мәулен Әшімбаев Иран президентін ұлықтау рәсіміне қатысты

Қазақстан мен Иран елдері арасындағы ынтымақтастық нығая түспек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Иран Президенті Масуд Пезешкианды ұлықтау рәсіміне қатысты. Ол Мемлекет басшысының атынан Иран Ислам Республикасының жаңадан сайланған Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ Қазақстан екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беріп отырғанын атап өтті. Иран Каспий өңіріндегі көршіміз, сондай-ақ Таяу және Орталық Шығыстағы маңызды сауда серіктестеріміздің бірі. Бұл ретте Қазақстан Парламенті өз тарапынан екі ел арасындағы байланысты жан-жақты нығайтуға ықпал етпек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен сайланған Президенттік ұлықтау рәсіміне арнайы келіп отырмыз. Иран Қазақстан үшін маңызды мемлекеттердің бірі. Бір жағынан көршіміз. Жалпы енді өзіңізбен Санкт-Петербургте кездестік. Сонда Парламент аралық қарым-қатынастарды, жалпы екі мемлекеттің ынтамқтастығын дамыту мәселелерін жан-жақты талқыладық. 

Сондай-ақ Палата Спикері Ислам кеңесі мәжілісінің Төрағасымен және Ислам мәдениеті және байланыстары ұйымының басшысымен кездесті. Басқосуда тараптар қос ел арасындағы қарым-қатынасты арттыру және парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.