Қазақстан-Конго: 10 құжатқа қол қойылды
Қазақстан Конго Республикасында өзінің елшісін тағайындайды.
Бұндай қадам екі ел арасындағы өзара байланысты жан-жақты дамытуға тың серпін беретін болады. Бұл жайында бүгін Қазақстанға ресми сапармен келген Конго Республикасының президентімен келіссөз жүргізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Жалпы екі ел бір-бірімен алшақ орналасқанымен, арадағы алыс-беріс үзілмеген. Енді қазір тараптар ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, мұнай-газ салаларында бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырмақ жоспарда.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет Конго елінің басшысымен осыдан 1 жыл бұрын Дубайда СОР-28 Климат жөніндегі дүниежүзілік саммит алаңында кездескен болатын. Екіжақты әріптестік аясын талқылап, орайы келгенде Қазақстанға да шақырған. Енді, міне, шақыртуды қабыл алған Дени Сассу-Нгессо ресми сапармен елге келді. Айта кету керек, екі мемлекеттің дипломатиялық қатынас орнатқанына да биыл 25 жыл толып отыр.
Дени Сассу-Нгессо – Конго Республикасының 7-ші президенті. Қазақ жеріне алғаш рет келіп отыр. Шақыртуын қабыл алып, арнайы ат басын бұрған әріптесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда сарайында аса құрметпен қарсы алды. Құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің әнұрандары шырқалды.
Бұдан соң тараптар делегация мүшелерін таныстырып, екіжақты келіссөз жүргізуге аттанды. Шағын құрамда әңгімелесу барысында қазақ басшысы Дени Сассу-Нгессоға ілтипат білдіріп, оның елімізге бұл сапарының тарихи маңызы зор екендігін атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің бұл алғашқы сапарыңыз екі ел байланыстарын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан мен Конго арасындағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға мол әлеует бар деп есептеймін.
Өз кезегінде Конго Республикасының президенті құрмет көрсетіп, жоғары дәрежеде қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанның қазіргі саяси және экономикалық дамудағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Дени Сассу-Нгессо, Конго Республикасының президенті:
- Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы қарсаңында Астанаға келу – біз үшін зор мәртебе. Бұл сапар саясат, дипломатия және экономика салаларындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсетініне, ал екі ел халықтарының достық қатынастарын жаңа деңгейге көтеретініне сенемін.
Конго мен Қазақстан географиялық тұрғыдан алыс орналасқанымен, арадағы алыс-беріс үзілмеген. Өткен жылы қазақ-конго тауар айналымы 14,7 мың долларға жетті. Мұнда қазақстандық экспорттың үлесі басым. Оның жалпы құны – 14,5 мың доллар, ал импорт 0,2 мың доллар шамасында.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Біздің сауда-экспорттық потенциал – біріншіден, ол азық-түліктік тауарлар. Екіншіден, металл бұйымдары. Осы бүгінгі ресми сапар барысында тағы да бірнеше экспорттық тізіміді біз талқылаймыз. Ол бізге болашақта сауда-саттық тауарымызды арттыру үшін заңнамалық негіздеме береді.
Арадағы сауда-саттықты арттыруға мүмкіндік зор. Ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, мұнай-газ салаларында әлеует бар. Осы мәселелерді тараптар кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізу барысында талқылады. Айта кету керек, Конго Республикасы – Африка құрлығында мұнай өндіретін ірі үш елдің бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары. Әсіресе сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс пен инвестиция, жаңа технологиялар мен ғарышты игеру бағыттары бойынша екі ел арасындағы ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгінгі қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп сенемін.
Қазақстан Конго Республикасымен өзара байланысты жан-жақты дамытуға мүдделі. Бұл ниетті айғақтау үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Конгоға елші тағайындайтындығын да жеткізді. Бұл хабарды естіген Дени Сассу-Нгессо Қазақстан Президентінің бұл шешім арадағы ықпалдастықты дамытуға деген ұмтылысты анық көрсететіндігін айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевты Конго еліне сапармен келуге шақырды.
Дени Сассу-Нгессо, Конго Республикасының президенті:
- Шын мәнінде, сіздің бұл шешіміңіз Қазақстан мен Конго арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға деген ұмтылысыңызды анық көрсетеді. Біз жүзеге асыруға келіскен жобалар бойынша екі ел үкіметтері бірқатар келісім әзірледі. Мұның екі елге де пайдалы болары сөзсіз. Кейінгі жылдары Қазақстан даму жолында зор табысқа жеткенін атап өткім келеді. Біз сіздің еліңізбен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз.
«Қазір халықаралық саясатта және әлем экономикасында Африка мемлекеттерінің рөлі артып келе жатыр. Сондықтан осы елдермен ынтымақтастықты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі», – деді Президент. Ал Конго Республикасы басшысының бұл сапары құрлықаралық байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Қазақстанның Конгоға дәнді дақылдарды экспорттауға қатысты әлеуеті мол екеніне назар аудардық. Өздеріңізге мәлім, екі елдің де табиғи ресурстары мол. Темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазақстан кәсіпкерлері Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін келіссөз барысында атап өттім.
Тағы Мемлекет басшысы: «Конго Республикасы – Орталық Африка аймағының қақпасы, ал Пуэнт-Нуар порты – осы қақпаның кілті», – деді. Оның бағалауынша, бұл теңіз айлағының мүмкіндіктері өте жоғары. Сондықтан Қазақстан осы порттың әлеуетін пайдалануға мүдделі екендігін айтты. Ал Конго президенті біздің елмен сан салада әріптестік орнатуға болатындығын жеткізді.
Дени Сассу-Нгессо, Конго Республикасының президенті:
- Конго экономикасы мұнай өнеркәсібіне негізделген. Қазақстанның осы салада тәжірибесі мол. Бұдан бөлек, пайдалы қазбалардың өзге де түрлерін игеруде ықпалдастық орната аламыз. Бұл орайда Конгоның энергетика секторы қазақстандық операторларға зор мүмкіндік ұсынады.
Бүгінде Африка континентінің 54 мемлекеті БҰҰ-на енгенімен, бірде-бірі қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі емес. Яғни, мұнда «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні анық естіле бермейтіні белгілі. Бұны түзеу үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір емес, бірнеше мәрте Қауіпсіздік Кеңеске жан-жақты реформа жасамай, бұл қиындықтар еңсерілмейтінін айтқан болатын. Яғни, маңызды орган әлемнің барлық аймағын қамтитын мемлекеттермен толығуға тиіс. Әсіресе жаһандық оңтүстік елдері тыс қалмауы керек. Осы ретте Президент екі мемлекет халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз қатынас орнатқанына және көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ортақ екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаһандық және өңірлік құрылымдар аясында ықпалдастығымыз дамып келеді. Қазіргі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Африка Одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Сонымен қатар біз жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке қатысты пікір алмастық. Қазір ең өзекті мәселенің бірі – климаттың өзгеруі. Біз осы қатермен бірге күресіп, тығыз жұмыс істеуге келістік. Мен Конго басшысының орман өсірудің және орманды қалпына келтірудің жаһандық онжылдығын жариялау туралы бастамасын қолдаймын.
Әріптестік аясын жан-жақты дамытуға бағытталған келіссөздерден кейін тараптар маңызды деген 10 құжатқа қол қойды. Оның ішінде цифрлық технологиялар, тау-кен өндірісі, мұнай-газ және энергетика салаларындағы келісімдер бар.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Бұл келісім энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру салаларына инвестиция құюды көздейді. Осы бағыттардың даму әлеуеті бар екеніне сенімдіміз.
Дени Сассу-Нгессоның Қазақстанға жасаған сапарын тарихи деп бағалаған Қасым-Жомарт Тоқаев өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салу керектігін айтып, Конго Республикасының басшылығын, кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына келуге шақырды. Бұл шарада олар Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алатындығын жеткізді. Тағы Президент Конго жастарына еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуды да ұсынды.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев.