БАҚ: Астанадағы Орталық Азия басшыларының кездесуі ынтымақтастықты арттырады

Астанада өтетін Орталық Азия мемлекет басшыларының VI консультативтік кездесуі мен «Орталық Азия + Жапония» диалогының саммиті шетел баспасөзі қазірден жарыса жазып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Сарапшылар не дейді?

Бауырлас Қырғызстанның «24KG» порталы Астанада Орталық Азия мемлекет басшыдарының кездесуі өтетінін хабарлап, осының алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақ елдері қауіпсіздік кеңес хатшыларының кездесуінің қорытындысында айтқан сөздерін толық келтірген.

Цитата: Муратбек Азымбакиев, Қырғызстан Президенті Әкімшілігі сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі:

- Астанада өтетін Орталық Азия мемлекет басшыларының VI консультативтік кездесуі мен «Орталық Азия + Жапония» диалогының саммиті көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға, сондай-ақ аймақтық өзара іс-әрекет мүмкіндіктерін қарастыруға бағытталады.

 

Астанадағы «Орталық Азия + Жапония» саммиті әріптестікті тереңдетеді

Астанада «Орталық Азия + Жапония» диалогының бірінші саммитінің өтетінін күншығыс елінің ақпарат құралдары да жарыса жазып, сарапшылар пікір білдіріп жатыр.

Цитата: Ёсимаса Хаяси, Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы:

- Біз Жапония мен Орталық Азия арасындағы диалогтың бірінші саммитіне қатысамыз. Бұл идеяның негізі 2004 жылы қаланған. Яғни биыл 20 жыл болады. Саммит мақсаты – әріптестік пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету.

Әзербайжанның 1news.az сайтында жарияланған көлемді мақалада Орталық Азия әлемдік, оның ішінде экономикасы мықты Жапония нарығы үшін тартымды аймақ екені айтылады. Орталық Азияда халық саны үнемі өсіп жатыр және тұрақтылық бар. Астанада саммитінде адам ресурсын дамыту мен логистикалық желілерді нығайтуға баса мән берілуі мүмкін деп айтылған.

Авторы: Ернат Мелсұлы