Тоқаев: Өзбекстанмен алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті бекітеміз

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты, деп хабарлайды 24kz.

Кеңес отырысында екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудің басым бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ еліміз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Әрі екі ел арасындағы алыс-берісті қысқа уақыт ішінде бес миллиард долларға дейін жеткізіп, таяу жылдары екі еселеуге қос елдің де әлеуетінің жететініне сенім білдірді. Сонымен қатар Президент көлік-транзит артықшылықтарын барынша тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жүк жеткізу мерзімін қысқарту жөнінде бірлескен шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды. Мемлекетаралық кеңес отырысы барысында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын кешенді әрі рационалды пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өзбекстан қазақ еліне бауырлас мемлекет, бауырлас ел, тату көрші әрі сенімді серіктес. Халықтарымыздың мызғымас достығы ортақ тарихқа және құндылықтарға негізделген. Қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатыр. Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айырықша көңіл бөлеміз. Былтыр одақтастық туралы тарихи құжатқа қол қойдық. Бүгін алдағы 10 жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасы бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын айырықша дамытуға серпін береді деп сенеміз.

Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Қазақстанға жасаған бұл жолғы мемлекеттік сапарының нәтижесінде стратегиялық серіктестік пен одақтастық мүлдем жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді. Өзбек елі басшысының айтуынша, 2034 жылға дейінгі Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзірленді. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жетекшілігімен кеңес құрылып жатыр. Оның аясында тараптар екі елдің парламенттері, үкіметтері, сыртқы саясат ведомствосы және салалық министрліктері арасындағы байланыстарды арттыра түсу маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері және «Орталық Азия плюс» форматы аясында бір-біріне қолдау білдіруге уағдаласты. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша бірқатар шешімге қол қойылды.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Бүгін біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын ашып отырмыз. Бұл, шын мәнінде, екіжақты қатынастар тарихындағы айтулы оқиға. Бүгінгі келіссөздер біздің нақты бағыттар бойынша ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ достас әрі бауырлас халықтарымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін.