Тоқаев: «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан» қағидатын ұстанып келеміз
«Егемен Қазақстан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді мақаласы жарияланды, деп хабарлайды 24kz.
Онда Орталық Азия елдеріндегі ахуал, бестік бірлестіктің алыс-беріс, барыс-келістегі жеткен жетістіктері және алдағы маңызды міндеттері жайлы айтылған. Президент өз жазбасында тағы да қандай мәселелерге тоқталды.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан және Түрікменстан. Бұл тіні бір, тарихы ортақ бауырлас мемлекеттер. Бүгінде жаһан жұрты әлеуеті артып, дамудың даңғылына шыққан елдерді Азия бестігі деп атайды. Тараптар тату, өзара алыс-берісті де, барыс-келісті де жандандырып келеді.
Бестіктің тарихында сындарлы сәттер аз болмады. Дегенмен, аймақтағы ахуалды тұрақтандыруда тараптардың сарабдал саясатының арқасында арадағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени байланыс нығая түсті. Мұны бүгінгі мақаласында Мемлекет басшысы да баса айтты.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі таңда бес мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар нақты мазмұнға ие болып, терең стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейге көтерілді. Орталық Азия мемлекеттері сыртқы саяси қарым-қатынаста өзінің салиқалы стратегиясын жасай алды. Бұл қадам еларалық және өңіраралық мүдделер тепе-теңдігін сақтап, елдеріміздің жаһандық үдерістерге толыққанды қатысуына жол ашты.
Бестік басшыларының достыққа құралған әріптестік байланысын да айрықша айту керек. Қазірде Орталық Азия күллі әлем көз тіккен өркениетаралық диалог алаңына айналды. Түрлі халықаралық ұйымдар құрылды. Мәселен, бір ғана Орталық Азия форматындағы басқосулар 9 мәрте өтіп, жаһан жұртының болашағы үшін маңызды шешімдер қабылданды. Келелі кеңес бұл жолы Жапонияның қатысуымен бізде өтеді.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің мемлекеттеріміз Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының маңызды қарарларының тең авторлары атана отырып, жаһандық орнықты даму, жалпыға бірдей қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, өңірлік және халықаралық құрылымдар аясында бір-біріне қолдау көрсету сияқты мәселелер бойынша ортақ ұстанымнан айныған емес.
Қазақ басшысы Егемен Қазақстан газетінде жариялаған көлемді мақаласында, алдағы он жыл аймақтың болашағын айқындайтын кезең екеніне ерекше тоқталды. Геосаяси ахуал күн санап құбылған аумалы-төкпелі шақта қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңыздылығын айтты. Қазіргі қол жеткізген жетістіктерді түгендеді. Мәселен, кейінгі бес жылда арадағы алыс-беріс 2 есеге артып, 5,7 млрд доллардан 11 млрд долларға дейін көбейді. Былтырғы ішкі туар айналымы 22%-ке өсті. Қазақстанда да қарқынды даму байқалады. Орталық Азия елдеріміен сауда-саттық 26,8%-ке артып, 8 млрд долларға жеткен.
5 жылда арадағы алыс-беріс екі есеге өскен
2018 жылы – 5,7 млрд доллар
2023 жылы – 11 млрд доллар
Ішкі тауар айналымы 25% өскен
Қазақстан мен Орталық Азия елдері – 8 млрд доллар
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан бүгінде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен одақтастық қатынас орнатып, Түрікменстанмен стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Халықтарымыздың өзара жақын болуға ұмтылысы барлық деңгейдегі байланыстың күшеюінен де көрінеді. Мемлекет басшыларының бір-біріне жиі сапарлап, тұрақты кездесуі парламентаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық байланыстарды тереңдетуге тың серпін берді.
Мемлекет басшысы бауырлас елдердің алдағы алты маңызды міндеттері жайлы айтты. Қарым-қатынастың алғышарты аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау. Екінші кезекте Экономикалық әлеуетіміз арттыру маңызды. Оған одақтас мемлекеттердің мүмкіншілігі жеткілікті. 4 млн шаршы шақырымға жуық аймақты қоныстанған 80 млн халық – үлкен нарық. Табиғи ресуртар да мол. Әлемдегі уранның 20%, мұнайдың 17%, ал табиғи газдың 7%- Орталық Азия елдеріне тиесілі. Өңір көлік логистика бойынша да мол мүмкіндікке ие.
Табиғи ресурсы мол мекен
Уран – 20%
Мұнай – 20%
Табиғи газ – 7%
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір біздің мемлекеттеріміз жаңа көлік дәліздерін қалыптастыруға қатысты басқа да маңызды идеяларды жүзеге асыруға кірісті. Қазақстан өзінің серіктестерімен бірлесіп, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) барынша дамытып жатыр. Осы бағытпен тасымалданатын жүк көлемі орта мерзімде бес есеге артуы мүмкін.
Жаһан жұрты ғаламдық жылынудан жапа шегіп, қоршаған ортаны қорғаудың тиімді тәсілін іздеуде. Бұл тұста бестік байырқалы бастамаларды қолға алған. Қасым-Жомарт Тоқаев төртінші басты міндет ретінде су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді атады.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаһандық климаттың өзгеруінің салдарын азайтатын маңызды қадам – «жасыл» экономикаға көшу. Өңір елдерінде жаңартылатын энергетиканың өздеріндегі үлкен табиғи әлеуетін іске асыруға ұмтылыс бар. Мәселен, Қазақстан 2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15%-ке дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал 2060 жылға қарай біз көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниеттіміз
Орталық Азия – әлемдегі халқы ең жас өңірлердің бірі. Аймақтағы адамдардың орташа жасы – 28,7 жыл. Бұл 2040 жылға дейін 28,3-ке дейін төмендеуі мүмкін. Яғни, халқы еңбекке жарамды, әлеуеті жоғары деген сөз. Бұл бірінші кезекте бестіктің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор септігін тигізеді. Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев өңір жастары білімге құштар, бастамашыл болу керектігін сөз етті. Ғылымды дамытуда тізе біріктіруді ұсынды.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кейінгі жылдары елімізде шетелдің бірқатар жетекші университеттің өкілдіктері ашылды. Ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының саны артып келеді. Технологиялық парктер мен инженерлік орталықтар ашылып жатыр. Бұл жұмыс Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатымыздың аясында жүргізіліп отыр. Біз жоғары білім берудің Орталық Азиядағы бірыңғай кеңістігін құру жолында күш-жігерімізді біріктіріп, сеніммен алға қадам бастық.
Алтыншы маңызды міндетте мемлекет басшылы бірлік ұғымына кеңіне тоқталды. Тереңнен тін тартқан төл тарихызды, біте қайнасқан болмасымызды, дініміз бен ділімізді, ұмыт болған сенім-нанымдарымызды ұлттар жадында жаңғыртуды ұсынды.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаһандық бәсекеге қабілетімізді арттыру үшін біз бірлігімізді сақтай отырып, ортақ мақсаттарға үздіксіз ұмтылуымыз керек. Ұлы Абай «Бірлік – ақылға бірлік» деп бекер айтпаған.
Қазір жер жүзінде геосаяси жобалар мен идеологемалар дәріптеліп жатыр. Мұндай жағдайда біз өзімізге тән қонақжайлық, ынтымақ және өзара қамқорлық сияқты қасиеттерімізді, сондай-ақ отбасылық құндылықтарымызды және басқа да озық дәстүрлерімізді қамтитын рухани-мәдени кодымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Қазақ басшысы «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан» қағидатын дәйекті түрді ұстанып келеміз», - деді. Әрі осы мақсатта одақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласын «стратегиялық әріптестеріміз бен одақтастарымыз интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытуға қаншалықты дайын болса, біз де соншалықты дайын екенімізді мәлімдейміз», - деп аяқтады.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы