Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз – Қ.Тоқаев
Орталық Азия халықтарының достығы мен ынтымағын ортақ тарихи фильмдер түсіру арқылы дәріптеу. Бүгін елордада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің аймақтағы әріптестеріне осындай ұсыныс тастады, деп хабарлайды 24kz.
Тағы Мемлекет басшысы барлық елдер үшін маңызды мәселе – су-энергеика жайын ретке келтіру үшін жаңа су саясасатын қалыптастыру керектігін де айтты. Жиында тағы сауда-саттықты арттыру, көлік-транзитін дамыту мен жастарды оқыту мәселелері де қозғалды.
Риат Шони, тілші:
- Ел Астанасы бүгін тағы мәртебелі меймандарды қарсы алды. Елордаға Консультативтік кездесуге Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары толық жиналды.
Орталық Азия елдері басшыларының VI Консультативтік кездесуі. Осы уақытқа дейін келелі кеңестер өзінің нәтежелерін молынан берді. Қазір елдер арасында шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергілер жойылды. Ал бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп жатыр. Аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де кешенді шаралар қабылдануда. Жиынға төрағалық еткен Қазақстан Президенті қазір мәдени-гуманитарлық байланыс мазмұндық тұрғыдан толықтырылып жатқандығын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орталық Азия қашанда бірегей өркениеттер тоғысқан аймақ болған. Оның жалпы әлемдік прогресте атқаратын рөлі зор. Бүгінде ортақ тарихымыз бен халықтарымыздың дүниетанымының ұқсастығына арқа сүйеп, Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз. Оны келешекке ұмтылатын әрі мол мүмкіндіктер мекені ретінде танытамыз. Бұл саммит осы жолдағы маңызды белеске айналатынына сенімдімін.
Мың құбылған қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақта тұрақтылық пен берік ынтымақтастықты сақтап, оны одан әрі қарқынды түрде дамыту. Кездесуге келген әр мемлекет басшысы бұны жақсы түсінеді. Осы ретте Қазақстан Президенті Орталық Азияның өркендеуіне ықпал ететін бірқатар өзекті міндетке тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі сын-қатерлерді тек саяси диалог пен мемлекеттеріміз арасында өзара сенім шараларын нығайту арқылы еңсеруге болатыны анық. Осы ретте соңғы жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды. Бұл елдеріміздің достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңірлік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін білдіреді. Алайда өңірлік кооперация аясында сыртқы серіктестермен жан-жақты байланысты жоспарлы түрде күшейту маңызды. Әлемнің жетекші елдерінің «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы.
Соңғы жылы еліміздің төрағалық кезеңінде Консультативтік кездесулер форматын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсалды. Қауіпсіздік пен экономикалық серіктестікті нығайту бағытында да ілкімді істер атқарылды. Тағы Қазақстан қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге де басымдық берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы жиында 2027 жылға дейінгі Аймақтық ынтымақтасты дамытудың жол картасы бекітіледі. Бұл өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру тұрғысынан айтулы оқиға болмақ. Аталған құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді және осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалу барысына бақылауды күшейтеді. Бұған қоса, «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды құжатқа қол қойылады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір маңызды міндетті атады. Ол – жан-жақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын қалыптастыру. Соңғы жылдары бұл бағытта елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Аймақ ішіндегі сауда көлемі біртіндеп ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш қазір 11 миллииард долларға жетті. Бұнымен тоқмейілсініп қалуға болмайды. Ендігі меже – тауар айналымын арттырып оны 15 миллиард долларға жеткізу.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елдеріміздің экономикасын дамытуға бірлескен ірі инфрақұрылым және көлік жобалары тың серпін берер еді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың мұндай оң мысалдары аймағымызда қазірдің өзінде де бар. Мәселен, Қырғызстандағы Қамбарата-1 ГЭС-ін, Тәжікстандағы Рогун ГЭС-ін, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның газ жобаларын, жаңа көлік дәліздерінің құрылысын, сондай-ақ басқа да маңызды жобаларды атауға болады. Бұдан бөлек, шекара маңы аудандарында сауда-логистика желілері мен өнеркәсіп хабтарын дамыту маңызды. Ауыл шаруашылығы, логистика, тоқыма және химия өнеркәсібі, құрылыс секілді перспективті салаларда жаңа келісімдер жасап, жан-жақты серіктестігімізді нығайту қажет.
Сауда-саттықты арттырып, арадағы байланысты бекемдеуде Орталық Азия төңірегіндегі Іскерлік кеңес те өз септігін тигізері сөзсіз. Сол себепті Мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Президенттің сөзінше, аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі ілгерілетудің, сондай-ақ Орталық Азияның көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді стратегияны қабылдаудың мәні зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Бір жол, бір белдеу» секілді бастамалардың маңызы айрықша. Бұл жобаларға Орталық Азиядағы барлық елдің белгілі бір деңгейде қатысы бар.
Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді. Қазіргі таңда бұл Парсы шығанағындағы елдерге шығатын ең төте жол саналады. Сонымен қатар Оңтүстік Азия нарығына шығу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салудың келешегі зор деп есептейміз. Қазақстан өзінің көлік-транзит саласында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жаңғыртып, жаңадан 5 мың шақырым теміржол салуды жоспарлап отырмыз.
Аймақ елдері үшін аса маңыздың тағы бір мәселе – ол су-энергетика жайы. Бұл сұрақта Президент жаңа су саясасатын қалыптастыру керектігін айтты. Яғни, ол тіршілік көзін пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген болуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орталық Азия елдеріне арналған су-энергетика консорциумын құру және гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су шаруашылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыштық мониторинг технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу маңызды міндеттердің санатына жатады.
Болашақ жастардың қолында. Бұл кездесуде жастардың да білім алу жайы назардан тыс қалған жоқ. Қазір Орталық Азияда бірыңғай жоғары білім кеңістігі қалыптасуда. Ал Қазақстан білім беру, ғылым, мәдениет және адами капиталды дамыту салаларындағы бесжақты ынтымақтастықты кеңейтуді әрдайым құптайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде Қазақстанда аймақтағы елдерден келген 9 мыңға жуық студент білім алады. Біз Орталық Азия жастарының елімізде жоғары білім алуға ұмтылысын бағалаймыз. Осы күні еліміз АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей және Оңтүстік Кореяның ондаған танымал университеттерімен стратегиялық серіктестік орнатты. Қазақстанның көптеген аймағында шетелдік оқу орындарының филиалдары жүйелі түрде ашылып, студенттерді белсенді қабылдай бастады. Бұған қоса, Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны артып, технопарктер мен инженерлік орталықтар іске қосылып жатыр. Біз Орталық Азия және Кавказ елдерінің жастарын осы мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық деңгейде сұранысқа ие қос дипломды білім алуға шақырамыз.
Тағы Президент Орталық Азия басшыларын достық қатынасты ортақ тарихи фильмдер шығару арқылы да бекемдеуге шақырды. Яғни, бірлескен медиаөнімдерді шығару жұмыстарын қолға алу керек. Бұндай тапсырманы үкіметтерге беруді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ортақ тарихи сюжеттерді экранизациялауға, халықтарымыздың достығы мен ынтымағын дәріптеуге ерекше мән беру керек. Біз жалпыөңірлік телеарна және ақпараттық интернет-порталын ашу мәселесін талқыладық. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің телехабар тарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді әзірлеп, қол қоюдың маңызы зор.
Тату көрші, жақын дос, әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктес. Өз баяндамасын қорытындылған Мемлекет басшысы Қазақстан Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлін арттыруды көздейтін стратегиялық бағдары өзгермейтінін де атап өтті. Демек, өңірлік серіктестікті жан-жақты нығайту жолында бар күш-жігерін салады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз ұлттық деңгейде «Табысты Орталық Азия – Табысты Қазақстан» формуласын берік ұстанамыз. Өңіріміздің болашағы тек елдеріміз арасындағы сенімді диалог пен ынтымақтастыққа, барлық ішкі және сыртқы сын-қатерлерге лайықты жауапты бірлесіп іздеуге байланысты екеніне сенімдімін.
Шағын құрамда өткен жиында осы шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін көрші мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев Қазақстан Президентіне алғысын білдіре отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азияның ренессансы: тұрақты даму мен өркендеу жолында» атты бағдарламалық мақаласында айтылған аймақтың келешегін құру жөніндегі терең сараптамасын ерекше атап өтті.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
- Құрметті әріптестер, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлылық танытып, біздің саммитті осындай жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін шын ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қатар аймақтағы ынтымақтастықты арттыруға және мемлекеттеріміздің ортақ мүдделерін ілгерілету ісіндегі белсенді күш-жігеріңізді ерекше атап өткім келеді. Сіз өзіңіздің «Орталық Азияның ренессансы: тұрақты даму мен өркендеу жолында» атты бағдарламалық мақалаңызда өңірлік коопрецияны жаңа кезеңде дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты терең сараптап көрсеттіңіз.
Ал VI Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданып, «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Бұдан соң мәртебелі меймендар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Жиынға Әзербайжан Президенті және БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, сондай-ақ Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталық басшысы да келді. Отырыста сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай айтулы кездесулердің халықаралық аренадағы ықпалдастықты күшейте түсетініне атады. Осылайша, өңірлік кооперацияны одан әрі дамыту жөнінде ортақ пайым әзірлеуді ұсынды. Жаһанды алаңдатқан экология және климаттың өзгеруі мәселелерінің де маңызы зор екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімнің маңызы арта түсті. Көпжақты құрылымдар шеңберінде, әсіресе, БҰҰ негізінде мемлекеттеріміз тұрақты әрекет етеді деп сенемін. Елдеріміздің ортақ әлеуетін ескере отырып, біз тұрақты даму саласындағы күн тәртібін іске асыруға елеулі үлес қоса аламыз. Осы маңызды бастаманы қолдау үшін Біріккен ұлттар ұйымының 80 жылдығына орай Орталық Азиядағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша БҰҰ Бас ассамблеясының қарарын қабылдауға бастамашылық етуді ұсынамын.
Ал саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік кездесудің төрағасы ретінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті «Құрмет» белгісімен марапаттады.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
- «Құрмет» белгісі наградасы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Мұны өңірлік ынтымақтастықты, елдеріміздің стратегиялық әріптестігін нығайтудағы ортақ жетістіктерді мойындау деп білемін. Салмақты саясат, берік байланыстың арқасында бүгінде Орталық Азия тату көршілік, өзара тиімді ынтымақтастық және тұрақты даму кеңістігіне айналуда.
Айта кету керек, Консультативтік кездесудің келесі төрағалық міндеті іргедегі көршіміз Өзбекстан еліне өтеді. Жиын соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өзбек әріптесі Шавкат Мирзиёевке бұл міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.
Авторы: Риат Шони, ПТРК