Президенттің Қарағанды өңіріне жұмыс сапары қалай өтті?

www.akorda.kz

Өнеркәсіп қауіпсіздігі басты назарда. Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған Президент Теміртаудағы Qarmet металлургиялық комбинатының басшылығына осындай міндет жүктеді, деп хабарлайды 24KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістің тиімділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың мерзімі мен жоғары сапа стандарттарын қатаң сақтау қажеттігін айтып тапсырма берді.

Осы орайда комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім екенін атап өтті. Бұл бастапқы кезеңде қоршаған ортаға келетін зиянды 30% төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл күзде Теміртау қаласында экологиялық таза көлік түрі – трамвай желісі қалпына келтіріледі.

Нөмірі бірінші борт Қарағанды әуежайына бүгін сағат 11-ге таман келіп қонды. Өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысын аймақ әкімі Ермағанбет Бөлекбаев қарсы алды. Бұдан соң Президент бірден Теміртау қаласына аттанып, Qarmet металлургиялық комбинатының қазіргі жұмысымен танысуға бет алды.

Бұрын шетелдік инвестордың қолында болған алып өндіріс ошағында бүгінде ауқымды жұмыстар атқарылған. Бірқатар қондырғы күрделі жөндеуден өткізіліп, жұмысшылардың қауіпсіздік мәселелеріне баса мән берілген. Зауытта менеджмент ауысқалы ахуал дұрысталып, ғимараттарда ауқымды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биылғы жаңғырту бағдарламасына 100-ден астам нысан енген. 50 мың шаршы метр аумақта шатыр ауыстырылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Qarmet металлургиялық комбинаты өзінің жетекші дәрежесіне сай келетіндей даму үстінде.

Мына домна пешінде руда 1600 градуста балқытылып, одан шойын алынады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жанып жатқан лава – дәл сол тазартылған шойын. Ал бұдан кейінірек болат алынады.

Жұмыс сапарымен келген Президентке бүгін дәл осы №3 домна пешінің жұмысы таныстырылды. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі. Қазір өндірісті еселеп арттыру жоспарланған. Бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыру үшін компания 3,5 млрд доллардан астам қаржы бөлген. Қолға алынған жұмыстарды Мемлекет басшысына «Qarmet» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин баяндады.

Қазір Qarmet компаниясында 34 мыңнан астам адам еңбек етеді. Металлургиялық комбинат жылына 5,3 миллион тонна болат өндіруге қауқарлы. Былтыр кәсіпорын шығарған өнімнің 2,1 миллион тоннасын Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия, Әзербайжан және Ауғанстан елдеріне экспорттаған.  

Қанат Мәукенов, үздіксіз болат құю цехының шебері:

- Цехта қондырғылар, сигменттер. Осы қондырғылар арқылы біз «сляб» дейміз, «слиток» дейміз, соларды шығарамыз. Қазақша айтқанда, сұйық болатты қатты металға айналдырамыз. Жұмысшылардың қауіпсіздігі қазір жақсы шешіліп жатыр деп ойлаймын. Ақша ақырындап бөлініп жатыр. Қауіпсіздік жағынан тексеріледі. Мысалы, таңертең бригада келсе, жұмыс істей бастаса, бірден үстінен «наряд» тексереміз, «инструктаж» жүргіземіз. Бізден бөлек, «скорпионы» деген команда бар, олар тексереді. Қауіпсіздік жағы барлығы тексеріледі.

Кәсіпорын басшылығы бұл цехтарда техникалық жағдайды жаңғыртуға баса мән берген. Бүгін Президентке бұның барлығы көрсетіліп, егжей-тегжейлі айтылып берді. Компания қазір стратегиялық бағдарлама қабылдап, ауқымды жоспарды іске асыруға білек сыбана кірісті.

Вадим Басин, «Qarmet» АҚ бас директоры:

- Біз үшін жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан қазір қолда бар қондырғыларды күрделі жөндеуден өткізіп, кейбірін жаңадан алып жатырмыз. Яғни, жұмыста заманауи, автоматтандырылған әрі қауіпсіз қондырғыларды пайдалануға ден қойып отырмыз. Ал «5-9-5» атты қабылданған стратегиялық бағдарламаға сәйкес біз 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат шығаруды, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда орта есеппен 66% өсімді қамтамасыз етеді.

Комбинат алдағы уақытта табиғи газға көшуді жоспарлап отыр. Бұл бастапқы кезде қоршаған ортаға келетін зиянды 30% төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Теміртау қаласында экологиялық таза көлік түрі – трамвай желісін қалпына келтіріп жатыр. Ол биыл күзде іске қосылмақ. Кәсіпорындағы қазіргі ахуалмен танысқан Мемлекет басшысы компания жұмысына көңілі толатындығын айтты. Дегенмен өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірістің тиімділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жобаларды сапалы жүзеге асыру қажзеттігін айтып, нақты тапсырмалар берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын.

Qarmet компаниясы әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын да ұстанып келеді. Металлургтер қаласында саябақты қалпына келтіріп, үйлердің қасбеттерін муралдармен безендірген. Тағы бірқатар әлеуметтік маңызды нысанды қайта жаңғыртқан. Солардың бірі – Qarmet Креативті технологиялар орталығы. Ғимаратты бүгін Мемлекет басшысы да аралап көрді. Мұнда жастар робототехника, автомодельдеу, ұшқышсыз басқарылатын дрондар секцияларына қатыса алады. Осы орталықта Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшыларымен және ардагерлерімен, сондай-ақ кәсіподақ өкілдерімен кездесіп, еңбек адамы ең жоғары құрметке лайық екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін келіп отырмын, қарап отырмын комбинаттың жағдайын. Жақсырақ болыпты бәрі. Жаман емес. Мен ризамын. Бұл өте жақсы. Әлеуметтік жағдайға назар аудару керек. Теміртау қазір жақсы болып жатыр, абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Мен оны қолдаймын. Келешекте де қолдаймын. Жалпы еңбек адамдары мемлекеттің құрметіне лайық.

Әлішер Жақыпбеков, «Qarmet» АҚ этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

- Қазақстан инвесторы келгелі бері біз өте қуанып жатырмыз. Мынау еңбек ардагерлері жайында. Мен осы зауытта 42 жыл жұмыс істеп шықтым. Мынау жігіттердің барлығы – сол кезде келіп, істеп жатқандар. Сондай айтайын дегенім сізге, осы инвестор келгелі бері біз этномәдени орталықты аштық. Сонда 9 ұлт менде қазір.

Qarmet компаниясы көмір департаментіндегі жобаларға да 500 миллион доллар шамасында инвестиция құйып жатыр. Мәселен, былтыр көмір тек 3 шахтадан ғана өндірілетін. Енді Президент тапсырмасына сай қысқа мерзім ішінде барлық 8 шахтадағы жұмыс қалпына келтірілді. Оның үстіне өндірістік қауіпсіздікті те күшейтілді. Атап айтқанда, нақты уақыт режимінде кеншілердің жұмысын бақылау, шахтадағы газ деңгейіне талдау жүргізе алатын диспетчерлік орталық құрылды.  

Руслан Шәйкенов, «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің диспетчері:

- Ең бірінші «система позиционирования». Ол біз әр жұмыскердің қай жерде тұрғанын, не істеп тұрғанын көре аламыз. Қандай газбен ластану, мысалы, егер де метанның нормадан асып кетсе, біз осы жерде көреміз де, ең алдымен шахтаның диспетчеріне хабарласамыз. Одан не болып жатқанын білеміз. Расымен ТЖ ма, әлде жұмыс жүріп жатыр ма? Сондай бақылау. Екіншіден, «аэрогазовая защита» деген, метанды қарап отырамыз. Шахтаның басында диспетчерлар бақылап отырады және біз де олардың үстінен қадағалаймыз.

2025 жылдың соңына дейін компания барлық 8 шахтаға да арнайы қондырғы орнатуды жоспарлап отыр. Оның арқасында кеншілердің жүрген жері мен денсаулық жағдайын нақты анықтайтын мүмкіндік пайда болады. Бұл диспетчерлік орталықта Президент «Саран» шахтасында, 620 метр тереңдікте жұмыс істеп жатқан қызметкерлермен бейнебайланыс арқылы тілдесті.  Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілерге жанкешті жұмысы үшін алғыс айтып, шахтерлердің қызметінде еңбек қауіпсіздігін сақтау маңызды екенін тағы бір мәрте ескертті.

Жұмыс сапары барысында Президент облыс орталығындағы «Кәусар» оқушылар сарайын да аралап көрді. Бұл ғимарат жуырда ғана ашылған. Мұнда 1600 бала 13 үйірмеге қатысады. Орталықта HI-TECH цех, шығармашылық шеберхана, хореография залы, ART-студия, WEB-дизайн кабинеттері мен техникалық шығармашылық зертхана бар.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Қарағандының іргесінде тұрған Саран қаласына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық және электр техникасын шығаратын Silk Road Electronics кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Бұрындары қаңырып, бос тұрған мына ғимараттың ішінде бүгінде жұмыс қызған. Мұнда Саран қаласының тұрғындары үйге қажетті тұрмыстық техниканы жинаумен айналысады. Айта кету керек, 60 мың шаршы метр аумақты алып жатқан мына цехтың ішінде бүгінде шағын пештер, теледидарлар, ауа баптағыш сынды техниканың түр-түрі шығарылады. Бүгіндегі өнідіріс қуаттылығы 1 млн 300 мың дана екен.

Бұл кәсіпорынға 25 млрд теңге инвестиция құйылып, жаңа қондырғылар мен қажетті керек-жарақтың барлығы алынған. Жыл басынан бері мұнда 97 мың тұрмыстық техника шығарылды. Компания 2027 жылға қарай толық өндірістік қуатына көшіп, жылына 1,1 миллион тұрмыстық техника шығаруды меже тұтқан. Текі ішкі қажеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерді ТМД елдеріне экспорттау да жоспарда бар.

Мирас Сайын, учаске шебері:

- Бізде учаскемізде 30 шақты адам жұмыс істейді. Көбі – Саран тұрғындары. Қарағандыдан да келіп жұмыс істейтіндер бар. Қазір бір ауысымда 300-350 «плита» жинаймыз. Болашақта 1000-ға дейін көбейтуге жоспарлап отырмыз. Қазір бұл «плиталар» осы Қазақстан төңірегінде сатылады және Қырғызстанға да шығарылып жатыр.

Кәсіпорынмен шетелдік алпауыт өндіріс орындары әріптестік орнатпақ. Мәселен, Samsung Electronics Central Eurasia компаниясы осы өндіріс алаңында теледидар және кір жуу машинасын шығаруды жоспарлаған.

Бұдан соң Президент дөңгелек шығаратын кәсіпорынға да барды. Мемлекет басшысына KamaTyresKZ зауытының өндіріс циклы мен даму әлеуеті толық таныстырылды. Бұл өндіріс ошағына 234 млрд теңге инвестиция құйылған. Өткен айда 30 мың дөңгелекті де шығарып үлгерген. Мұндағы шиналар Attar брендімен танымал. 

Жанат Әзмағамбетов, вулканизация цехының басшысы:

- Үш покрышка шығарып жатырмыз: 185, 65, 15. Сосын 195, 65, 15, 205, 55, 16. Үш түрлі покрышка шығарып жатырмыз осы уақытқа дейін. Мысалы, қазір 185, 65, 15 вулканизацияда 11 минут пісіріледі. Жоғарғы температура – 200 градуста 17 келі қысыммен ыстықта пісіріледі. Негізі осы зауыттың әлеуеті бар енді. Қазір менің қарамағымда 80 адам жұмыс істейді.

Қазір кәсіпорын 600 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта қызметкерлердің саны 1125 адамға дейін арта түспек. Өйткені зауыттың өндіріс көлемі кеңейіп келеді. Кәсіпорын 2027 жылға қарай 3,5 миллион дөңгелек шығаруды жоспарлап отыр.

Президенттің Қарағанды облысындағы жұмыс сапары Шахтер ауылында жалғасты. Мұнда Мемлекет басшысы елді мекендегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Мұнда халықтың жұмыс істеп, жайлы тұруына барлық жағдай жасалған. Жергілікті кәсіпкер Георгий Прокоп бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында түрлі жобаларды жүзеге асыруға үлес қосып отыр. Меценат ауылда спортты, мәдениетті және өнерді дамытуға қолдау білдіріп, үлесін қосып жатыр.

Георгий Прокоп, кәсіпкер:

- 1998 жылы жекешелендіру кезінде жергілікті халық бұл серіктестікті маған сеніп тапсырды. Менің ендігі міндетім – осы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бар жағдай жасау. Сондықтан ауылды көркейтуді қолға алдық. Спорт кешені, бассейн, хоккей корты, саябақ сынды халық демалатын нысандарын салдық. Сонымен қатар жолдарды жөндеп, көшелерді де жарықтандырдық. Жуырда 200 млн теңгеге мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткіздік.

Жергілікті халықпен тілдескен Президент мемлекет ауылды дамытуға және шаруаларды қолдауға айрықша мән беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Баршаңызға аманшылық тілеймін. Жұмыстарыңыз сәтті болсын! Шын мәнінде, бұл ауылды озық, дамыған деп айтуға болады. Сондықтан келешекте те солай бола берсін. Бұл – Георгий Георгиевичтің арқасы. Сондықтан бәріміз бір ұжым, бір халық болып тиісті жоғарғы мақсатқа жету үшін жұмыс істеуіміз, еңбек етуіміз керек.

Тұрсын Жақыпова, шахтер ауылының тұрғыны:

- 1985 жылы мен осы ауылға келін болып түстім. Содан бері отбасыммен осында тұрып жатырмын. Жолдасым – механизатор. Өзім – көпбалалы анамын. Аллаға шүкір, 4 балам, 10 немерем бар. Өз көзіңізбен көріп тұрсыз, біздің ауылымызды. Жағдайымыз өте жақсы.

Авторлары: Риат Шони, Ержан Қанапияұлы, Дулат Ентебеков.