Республика жастарының саяси лагері жұмысын бастады
Түркістан облысында «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының жыл сайынғы республикалық жастар саяси лагері жұмысын бастады, деп хабарлайды 24kz.
Еліміздің белсенді жастарының басын қосқан кең ауқымды шара Төлеби ауданындағы «Тау самалы» демалыс аймағында өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық аймағынан 300-ден астам делегат келді. Іс-шараның бүгінгі ашылу салтанатында жастар топ-топқа білініп, демалыс аймағының жұмысымен танысты. 3 күнге жалғасатын жиын барысында олар партиялық жобалар мен бастамаларды іске асыру және заманауи дағдыларды игеру қабілеттерін шыңдайтын болады. Сонымен қатар жастардың жеке және кәсіби қасиеттерін дамытуға арналған түрлі бағыттағы тренингтер мен ойын-сауық түріндегі тимбилдингтер өтеді. Жастарды толғандырып жүрген түрлі тақырыптар «Bir tolqynda» атты диолог алаңында талқыланады. Бұдан бөлек, жастар Quiz ойындары барысында косплей конкурсына қатысып, қызықты интеллектуалды-сауық кешінің куәсі болды. Көңілді кеш әр өңірден келген жастардың концерттік бағдарламасына ұласады. «Шараның басты мақсаты – талантты жастардың басын біріктіріп, Жастар қанатының қатарына белсенді азаматтарды тарту», - дейді ұйымдастырушылар.
Ақерке Искандерова, «Amanat» партиясы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы:
- Ең басты мақсаты – бұл жерде Жастар рухының қатарында 125 мыңнан астам жас бар. Солардың үздіктерін жылда жинап, осы жерде бір-бірімен таныстырып, оларды оқыту. Жалпы республикалық жастар саяси лагерінің алаңында жастар өздерінің потенциалдарын ашып, түрлі оқытулардан өтіп, бір-бірімен нетворкинг орнаттырып, әрі қарай бірге жұмыс жасайды.
Алмат Есенбеков, Республикалық жастар саяси лагерінің қатысушысы:
- Бүгінгі лагерь осында жиналған жастарға көптеген дүние береді деген сенімдеміз. Себебі елімізге белгілі мықты спикерлер, жан-жақты түрлі салада жүрген білікті мамандар біздерге өздерінің білгендерін бойымызға сыналай сіңіріп, біздің әрі қарай тұлға ретінде қалыптасуымызға өзінің септігін тигесетін көптеген дүние үйрететін болады.