Президенттің Тәжікстанға сапарының 2-ші күні қалай өтті?

akorda.kz

Тәжікстан Республикасында мемлекеттік сапармен жүрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Тәжікстанның Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен және осы елдің премьер-министрімен кездесті.

Одан бөлек, әріптесі Эмомали Рахмонмен бірге ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесін аралады.

Маджлиси Намояндагон. Бұл – біздің түсінікте парламенттің төменгі палатасы. Төраға Махмадтоир Зокирзода екі ел парламенттері арасындағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға, шарттық-құқықтық базаны кеңейтуге, достық байланыстарды жандандыруға ниетті екенін білдірді. Кездесуде  саяси, сауда-экономика, мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткен уағдаластықтарды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Қазақ Президенті кеше қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы шарт екі ел ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретінін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы арқылы алға қарыштап қадам басамыз. Президент құрметті Эмомали Рахмонның парламентаралық байланысты жандандыру туралы ұсынысын қолдаймын. Өзіңізді еліміздің шынайы досы ретінде білеміз. Өйткені сіздің студенттік шағыңыз Қазақстанда өтті. Сондықтан біздің байланысымыз парламенттер деңгейінде жанданып, екіжақты ынтымақтастық пен одақтастықтың ең маңызды бөлігіне айналады деп үміттенеміз.

Махмадтоир Зокирзода, Тәжікстанның Маджлиси Намояндагон Маджлиси Оли төрағасы:

- Өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын. Президентіміз құрметті Эмомали Рахмонмен шынайы достығыңыз мемлекеттеріміздің арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен татулықты нығайтуға қызмет етіп келеді. Қазақстан – Тәжікстанның сенімді досы, стратегиялық серіктесі. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Біз бұған ерекше мән береміз.

Мұнан соң Мемлекет басшысы Тәжікстанның премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кеше жан-жақты және мазмұнды келіссөз жүргізілді. Оның нәтижесі де көңілден шығады. Бизнес-форумды жоғары деңгейде өткізуге қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Жалпы құны 1 миллард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Бұл – қуантарлық жайт. Біз кеше өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Екі ел үкіметтері мемлекеттеріміз арасындағы сауда айналымын ұлғайтуға ықпал ететін түрлі бағытты қарастыруы керек деп ойлаймын.

Кездесулерден соң Мемлекет басшысы ауылшаруашылығы өнімдерінің көрмесіне келді. Қазақстан Президентін Душанбедегі жәрмеңке осылай қарсы алды. Тәжік халқының ілтипатын айшықтайтын бұл экспозицияны студенттер екі күн, екі түн жүріп әзірлеген. Ол тұтас бау-бақша өнімдерінен жасалған.

Пирамида пішінінде тау болып үйілген қауын-қарбыз, жеміс композицияларының әсемдігі, жүзімдердің жұпар исі мұнда келген адамға тәжік халқының қонақжайлығы пен достық пейілін паш етеді. Көрмені аралаған қазақ Президентінің жүзінен де осы ой аңғарылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесін бірге аралады. Мемлекеттер басшыларына ұлттық тағамдар, соның ішінде аспаздар ерекше талғаммен әзірлеген палау түрлері, таба нандар мен күлшелер көрсетілді. Тәжік халқы өте қонақжай. Келген қонағына барын салады. Ал мұндағы дастарқанның көркі – бақша өнімдері. Оны дәл осылай безендіріп ұсыну кез келген мейманның көңілін жаулайды. Сондай-ақ тамаша кулинарлық маркетинг һәм жарнама.

Шухрат Разоков, Тәжік ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы ветеринарлық институтының жетекші маманы:

- Ландшафт кескінінде бейнеленген мына қарбыздар, жүзімдер мен алманың барлығы – біздің мамандар шығарған жаңа сұрыптар. Мына экспозиция – отандық өнімдердің жаңа сұрыптарын шығарған ғылыми қызметкерлер мен ландшафт дизайнерлерінің бірлескен жұмысы. Соңғылары осындай әсемдеу жұмыстары арқылы тәжік өнімдерінің тартымдылығы мен өтімділігін арттыра түседі.

Айтпақшы қауын-қарбыздан тау тұрғызу, жеміс-жидекті көркемдеп қалап қою – маркетинг қана емес, жергілікті климат пен мұндағы жер төсін емген жұрт үшін тарихи дәстүр.

Махмадёрзода Усмон Маъмур, Шириншох Шотемур атындағы тәжік аграрлық универститетінің ректоры:

- Мұндағы көрмеге қойылған өнімдердің қай-қайсысын алсаңыз да, халқымыздың мәдениетімен, тұрмыс ерекшелігімен астасып жатыр. Мәселен, Пирамида пішінінде қауын-қарбыз қазір ғой сәндік үшін үйіледі, ал бұрын бабаларымыз өнімді осылай сақтаған. Себебі біздегі бау-бақшаның барлығы таулы жерде. Күндіз күн ысып, 40-қа дейін барса, кешке 20-15 градусқа дейін салқындап, жел шығады. Шошайтып үйілген өнім желдің өтінде бұзылмайды.

Тәжік халқының тұрмыс-тіршілігі диқаншылық, бағбандықпен біте қайнасқаны соншалық, елде қауын мерекесі бар. Бау-бақшада жиын-терін аяқталған соң халық болып тойлау – көнеден қалыптасқан дәстүр. Қауын мерекесі тамыздың 20-нан қыркүйекке дейін тойланады. Осы жексенбіде бүкіл ел жеміс-жидек пен көкөністің көрмесіне айналады.

Несібесін жерден терген тәжік елінде ауыл шаруашылығымен байланысты өзге де мереке бар. Көктемде егіс науқанынан соң диқандар бас қосса, Наурыз - ұлттық мейрам, жазда алғашқы өнімнен соң және күздегі ақырғы өнім жиналғанда ол да тойланады. Достық діңгегі – мәдени байланыс. Қасым-Жомарт Тоқаев сапарын көрмедегі жемістерге балауға болады. Көпқырлы әрі жемісті. Енді ше екі елдің бизнесмендері қауышып, миллиондаған доллардың келісімі жасалды, мәдениет, ғылым саласының өкілдері мен жастар бір-бірімен байланыс орнатты. Үкімет делегациялары қол алысып құжат алмасты, ал ел президенттері Одақтастық қатынастар туралы тарихи құжатқа қол қойды. Қазақстан мен Тәжікстан халқының бауырластығы бекемдей түсті. Қазақ елінің басшысын Тәжік лидері Эмомали Рахмонның өзі әуежайдан шығарып салды.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев, Бақытбек Нұртай.