2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы мақұлданды

Үкімет 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қарастырды.

Алдағы уақытқа арналған негізгі көрсеткіштер, қандай болмақ?

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы бір сағат бұрын басталды. Күн тәртібінде елдің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет, сондай-ақ осы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобалары мақұлданды.

Бұл мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов және қаржы министрі Мәди Тақиев баяндама жасады. 

Алдымен қазақстандықтардың өміріне әсер ететін негізгі сандарға тоқталсақ.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025-2029 жылдары ЖІӨ – нің болжамды жылдық нақты өсімі – 5,4%, 2025 жылы номиналды ЖІӨ-150 трлн теңге, 2029 жылы 234 трлн теңге екенін баяндады. Өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 4,1%, оның ішінде өңдеуші секторда – 5,8%, тау-кен өндіру 2,9% құрайды.

Қаржы министрі Мәди Тақиев 2029 жылға дейінгі елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заң жобасын қарауға шығарды. 

Осы жобада келер жылға арналған бюджетке түсімдер 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанады. Ұлттық қордан 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт тарту жоспарланып отыр. Ал бюджет шығысы 2024 жылға қарағанда 1,7 трлн теңгеге ұлғаяды және 25,8 трлн теңгені құрайды деді Қаржы министрі.

Келесі жылы әлеуметтік салаға барлығы 9,8 трлн теңге бағытталады, бұл биылғыдан 794 млрд теңгеге көп. 

Шығыстың өсуіне әсер ететін негізгі факторларды атап өтсек. Бұл әлеуметтік төлемдерді инфляцияның орташа деңгейіне индекстеу, Жоғары оқу орындарында гранттар санын қосымша 2500 орынға ұлғайту, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамтамасыз ету қаралған. 

Өңірлерге республикалық бюджет қаражатынан 7,4 трлн теңге бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар экономиканың нақты секторын қолдауға 2025 жылы 2,1 трлн теңге қарастырылған. 

Үкімет басшысы Олжас Бектенов республикалық бюджеттің параметрлерін айқындау кезінде бірінші кезекте мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты Үкіметтің бұдан арғы іс-қимылдары міндеттемелерді, активтерді және тұтастай мемлекеттің барлық ақша ағынын шоғырландырумен байланысты болады. Біздің алдымызда бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану міндеті тұр", - деді Олжас Бектенов.