Қ.Тоқаев: Бұқаралық спорт арқылы ұлт саулығын жақсартамыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті.
Чемпиондарды құттықтап, оларға құрмет көрсетті. Жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Басқосуда саладағы күрмеулі мәселелерді де атап өтті. Легионерлерді ұлттық құрамаға шақырту үрдісін тоқтату керегін айтып, олар жас атлеттеріміздің жолын кеседі деді. Спорттағы жемқорлық және қаржының дұрыс бөлінбеуін де қатаң сынады. Балалар және бұқаралық спортқа көп көңіл бөлуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Сондықтан мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңдары жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешендер мен залдар бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек.