М. Әшімбаев Парижде Паралимпиада ойындары аясындағы іс-шараларға қатысты

Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев Париждегі паралимпиада ойындары аясындағы іс-шараларға қатысты.

Ол ЮНЕСКО-ның Инклюзия жөніндегі конференциясында сөз сөйледі. Жиында кешенді қолдауды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту мәселесіне баса мән берілді. Сенат спикері бұл бағытта медициналық аспектілер ғана емес, шығармашылық әлеуетін дамыту, сапалы білім беру, жұмысқа орналастыру және мемлекеттік басқару ісіне қатысуға жағдай жасалып жатқанын айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті:

- Қазақстанда мемлекеттік саясатта инклюзивті тәсілдерді іске асыруға баса мән беріліп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан жаңғыртулар әділеттілік қағидатына табан тірейді. Біз ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуіне жаңа серпін беретін тиімді экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулемен және Халықаралық Паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен кездесті. Тараптар паралимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасты.