Е. Қошанов: Жолдаулардағы тапсырмаларды сапалы орындау – баршамыздың міндетіміз

Президент Жолдауларындағы, сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмаларды сапалы орындау – баршамыздың басты міндетіміз. Бүгін «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында саяси ұйым төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді.

Мәжіліс Спикері Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында халықтың әл-ауқатын арттыруға және елді дамытуға бағытталған ауқымды міндеттер қоятынын атап өтті. Сондықтан жүктелген міндеттерді орындауда қарқынды бәсеңдетпеуге шақырды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы:

- Президент Жолдауларындағы, сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмаларды сапалы орындау – баршамыздың басты міндетіміз. Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының барлық Жолдауы, берген уәделері толық орындалып жатыр деп сеніммен айта аламыз. Олар әр азаматтың, әр отбасының, әр қаланың, әр ауылдың негізгі мәселелерін шешуге бағытталған. Сондықтан алдағы уақытта да осы қарқынды бәсеңдетпеуіміз керек. Парламент, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам үйлесімді әрі тиянақты жұмыс істеуге тиіс.