Сарапшылар: Қазақстан – антиядролық қозғалыс көшбасшысы

Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнінде Женевадағы Ұлттар сарайында «Ядролық сынақтардың денсаулыққа әсері» атты арнайы іс-шара өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Конференцияны Қазақстанның Женевадағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі «Әлем дәрігерлері ядролық соғыстың алдын алу үшін» ұйымымен бірлесіп ұйымдастырды. Отырысқа Женевада тіркелген ірі халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қаулысымен бекітілді және жыл сайын 29 тамызда, Семей полигоны жабылған күні атап өтіледі. Бұл күн жойқын әсерді және ядролық қаруды жоюдың шұғыл қажеттігін еске салады. Қазақстанның қарусыздану және таратпау бағытындағы бастамалары  халықаралық деңгейде мойындалған.

1991 жылы Қазақстанда Семей полигонының жабылуы тарихи қадам болды. Содан бері Қазақстан жаһандық бастамалар арқылы ядролық қарусыздануды дәйекті түрде жақтап келеді. «Оның ішінде 2015 жылы БҰҰ қабылдаған Ядролық қарудан азат әлем туралы жалпыға бірдей декларация, сондай-ақ Орталық Азияның ядролық қарудан азат аймағы жобасы бар», – деп атап өтті жиынға қатысушылар.

Лидия Григорьева, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесі бас директоры хатшылығының меңгерушісі:

- Қазақстанның ядролық қарусызданудағы рөлі өте маңызды. Біз мұны Женевада көріп отырмыз. 29 тамызда Қазақстанның бастамасымен жыл сайын ядролық қаруды сынаудың қауіптілігін халықаралық қауымдастықтың есіне салуға арналған іс-шаралар өткізіледі. Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру маңызды бастама екені сөзсіз. Өңірлік ауқымдағы бастамалар өте маңызды. Өйткені мемлекеттерге аймақтық деңгейде келісімге келіп, содан кейін бүкіл әлем алдында алға жылжу оңайырақ.

Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев еліміздің жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуге, сондай-ақ ядролық сынақтардың денсаулыққа тигізетін салдарын жоюға бейілділігін растады. Қазақстандық дипломат атап өткендей, еліміз бұл бастамаларды көпжақты форумдарда қорғап жүр. Халықаралық сарапшылар да Қазақстанның ядролық қаруға қарсы қозғалыс көшбасшысы екенін атап өтті.

Чарльз Джонсон, «Әлем дәрігерлері ядролық соғыстың алдын алу үшін» ұйымы саясат бөлімінің директоры:

- Қазақстан ядролық қаруға қарсы қозғалыстың алғашқы күнінен бастап көшбасшы болып келеді. 80-ші жылдары мен Америка Құрама Штаттарынан ядролық соғысқа алаңдаулы адам ретінде осы процеске қатыстым және қазақстандықтар «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құру туралы шешім қабылдағанда біз қатты қуандық. Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстан уран өндіруші ел ретінде атом энергетикасын дамытуға мүдделі, бұл – қалыпты жағдай. Ядролық энергетика – ядролық қарудан бөлек тақырып. Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге сәйкес мемлекеттер ядролық заттарды, оның ішінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалана алады.

Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған іс-шара аясында фотокөрме ұйымдастырылды. Көрме БҰҰ-ның Женевадағы бас кеңсесінде 5 қыркүйекке дейін жалғасады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.