Ата Заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуші орган
Екі жыл бұрынғы Ата заңға қатысты жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Конституцияның үштен бір бөлігі өзгеріске ұшырады.
2 бөлімнің атауы өзгерді. Ең негізгі жаңашылдықтардың бірі – Конституциялық сот құрылды. Бақылаушы орган тәуелсіз Қазақстан тарихында болған. Бірақ 1995 жылы оның орнына сот жүйесіне кірмейтін Конституциялық кеңес құрылды.
Заң үстемдігі мен әділ төрелік. Сот жүйесіндегі басты қағида осы. Президент пәрменімен құқық қорғау институттарын күшейту бойынша нақты жұмыстар жүзеге асырылды. Солардың ішінде ең бастысы өткен жылы Конституциялық сот құрылды. Бірегей институт қазір әлемнің озық елдерінің барлығында бар.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Конституциялық соттағы бір ерекшелік – осы реформаның нәтижесінде кез-келген азамат конституциялық сотқа жүгіне алады. Егер соттың шешімі шыққанан кейін немесе істі қарау барысында заңда жазылған норма оның құқығын шектеп тұр немесе оған кедергі келтіріп тұр дейтін болса конституциялық сотқа жүгіне алатын болды.
Конституциялық сот құру заңгерлер мен қоғам белсенділерінің көптен бері көтеріп жүрген мәселесі болатын. Себебі бұл бірегей органға кез келген азамат өз сауалын жолдай алады. Сонымен қатар Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл де оған жүгіне алады.
Берік Бекжанов, ҚР ПІБ жанындағы парламентаризм институты директорының орынбасары:
- Конституциялық сот, мысалы, мемлекеттік қызметшіге түсу мәселесі жөнінде белгілі бір олқылықтарды тапты. Ол бүгінде қалпына келді. Яғни азаматтардың құқығын шектеу мәселесі Конституциялық соттың шешімімен жойылып жатыр. Мұндай мысалдар өте көп бүгінгі таңда.
Ата заңның мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін орган сот жүйесіне конституциялық бақылау жүргізеді. Мысалы, сот ісінде судья қандай бір бапты негізге ала отырып, шешім шығарады. Заңды өзгертуге құқығы жоқ. Бірақ азамат тарапынан заң нормасына қатысты қандай да бір күмән болса, Конституциялық сотқа тікелей жүгінуіне мүмкіндігі бар.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Конституцияға қайшы келетін тармақтары бар заңдар пайда бола бастады. Кез-келген кодексте азаматтардың құқығы бірінші орында болуы керек. Сондықтан қазір көптеген баптар конституцияға сай өзгертіліп жатыр. Бұған біздің азаматтар да мүдделі болуы керек. Заң нормаларын талқылап, өзгеріс ұсынып, қателіктерді көрсетсе мемлекет те, азаматтық қоғам да ұтады.
Конституциялық соттың назарынан тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі де тыс қалмады. Бұл құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызу туралы заң жақында ғана қабылданды.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Адам құқығын үстем ету керек. Сонымен қатар заңның алдында барлық адамдар тең. Ұлтына, жынысына қарамастан. Соның бір заңы қазіргі, Салтанат заңы деп халықта аталып жүрген әйелдердің құқықтарын қорғау, балалардың құқықтарына конституциялық кепілдіктерін қатайту туралы заңды айтуымызға болады.
Конституциялық соттың шешімдерін осындағы ғылыми-консультативтік кеңес қабылдайды. Оның құрамына отандық және шетелдік құқықтанушы-ғалымдар кіруі мүмкін. Ал кандидаттарды Төрағаның ұсынуы бойынша Конституциялық Сот бекітеді. Ғылыми-консультативтік кеңестің жұмысына шеттен мамандар тартылуы мүмкін. Негізгі құрам әрбір екі жыл сайын бекітіледі. Қазір онда 36 мүше бар.
Әмір Омаров, ҚР Конституциялық соты сараптама бөлімі басшысының орынбасары:
- Конституциялық сот Қазақстан Республикасы Президенті мен Парламент депутаттарын сайлау кезінде, референдумдарда қандай да бір заң бұзушылық болса оларға да қатысты шағымды қарайды. Сонымен қатар халықаралық келісім-шарттарды ратификацияламай тұрып, олардың Ата заңға сәйкестігін қадағалайды. Яғни қандай мәселе болса да Конституцияның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етеміз.
Былтырғы қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін азаматтардан Конституциялық сотқа 7 мыңнан астам өтініш түскен. Нәтижесінде 49 нормативтік қаулы қабылданды.
Серік Селеубайұлы