Өзбекстанда Қазақстан әскери оркестрінің концерті өтті

Қазақстан қарулы күштері бауырлас Өзбекстанды тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Мерейлі мерекеге орай еліміздің әскери оркестр ұжымы көрші мемлекетке арнайы барып, концерттер өткізді. Оның аясында қос халықтың ғасырлар бойғы достығы мен туыстық қатынасы жырланды. 

Бұл күндері Өзбекстан ел тәуелсіздігінің 33 жылдығын тойлап жатыр. Бауырлас мемлекетті осынау айтулы мерекемен құттықтау үшін Қазақстан қарулы күштерінің өкілдері Ташкентке келді. Әскери оркестр ел астанасынан бөлек, Самарқанд және Бұқарада болып, қос халықтың достығын жырлайтын концерттер өткізді. 

Кеш барысында қазақы әуендер орындалып, патриоттық әндер шырқалды. Әскери оркестрдің өнерін Өзбекстан қарулы күштерінің сарбаздары мен сардарлары тамашалады. Бірнеше жерде қала тұрғындары мен қонақтарына концерттік бағдарлама ұсынылды. 

- Концерт көңілімізден шықты. Хорезмнен Ташкентке саяхаттап келген едік. Енді міне осындай тамаша іс-шараның куәгері болып отырмыз. 

Жалпы екі елдің қорғаныс саласындағы ынтымақтастығы өз биігін сақтап келеді. Әскери доктринада мұндай деңгейдегі қарым-қатынасқа ерекше маңыз берілген. 

Арман Әсенов, Қазақстан Қарулы Күштері Ұлттық әскери патриоттық орталығының басшысы:

- Әскери доктринамызда көршілес елдермен мәдени ынтымақтастықты тереңдету жайы қаралған. Соның аясында әскери патриоттық орталық ұжымы Өзбекстанның мемлекеттік мерекелеріне арнайы келіп тұрады. Осы жолы бауырлас мемлекетті тәуелсіздік күнімен құттықтап, концерттер өткіздік. Себебі біздің мәдениетіміз екі елді байланыстыратын құрал. Енді әскери-мәдени ынтымақтастық аясында Өзбекстан Қарулы күштерінің орталық ансамблі еліміздегі төрт гарнизонға баруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Алматы, Астана, Отар, Сарыөзек және Семейде концерттері өткізуі мүмкін. 

Өзбекстан тарапы  да  Қазақстанның  конституция күніне арналған құттықтауын жеткізді. Кейін екі ел ынтымағын ырысты  ету жолындағы бастамалар сөз болды.  Еске салайық, бауырлас мемлекеттердің дипломатиялық  қатынас  орнатқанына  биыл  30 жылдан асты. Ал тарихи тамырластық тіпті тереңде жатыр.

Рауан Мыңбаев