Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек – Тоқаев
Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек. Президент Қазақстан халқына Жолдауында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды 24kz.
Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті.
«Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениеті өзгерді. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Дегенмен, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны өте маңызды. Бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс.