Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың аймақтардан келген мүшелерімен кездесті
Мемлекеттік кеңесші өңірлердегі қоғамдық кеңестерге кіретін Ұлттық құрылтай мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды 24kz.
Басқосуда Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың қызметі аясында Мемлекет басшысы көтерген маңызды бастамалардың жүзеге асу барысына тоқталды. Соның ішінде әйелдер мен балалардың құқын қорғауға, вейптерге тыйым салуға, лудоманияға, вандализмге қарсы күреске қатысты заңдардың қабылдануы мен басқа да өзекті мәселелерді атап өтті.
Мемлекеттік кеңесші Президент тапсырмасымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, мектептердегі оқу бағдарламаларына жаппай енгізілетінін айтты. Сондай-ақ Ерлан Қарин азаматтық институттарды, әсіресе, өңірлерде дамытудың маңызды екенін атап өтті. Кездесуде Ұлттық құрылтай мүшелері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауындағы айтылған бастамаларға қолдау білдірді. Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші алдағы уақытта Ұлттық құрылтай мүшелерімен тағы да бірқатар кездесу өтетінін айтты.