М. Әшімбаев Жолдауда жүктелген міндеттерді бірлесе атқаруға шақырды

Парламент Сенатының төрағасы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының алаңында сарапшылармен кездесіп, Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды талқылады, деп хабарлайды 24KZ.

Мәулен Әшімбаев жүктелген міндет стратегиялық сипатқа ие екенін жеткізіп, барлық тарапты бірлесе жұмыс істеуге шқырды. Бұл ретте ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы үйлесімсіздікті жою бірінші кезектегі мәселе екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар Сенат төрағасы инвестициялық ахуал мен бизнеске қажетті жағдайды жақсарту ұлттық экономиканы жаңа деңгейге көтеретінін айтты. Кездесу барысында адами капиталды дамытуға қатысты тезистерге баса мән берілді. Нақты айтқанда, ұлт денсаулығын жақсарту, әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру жөнінде сөз болды. Мұның бәрі Сенат қызметінің де негізгі басымдықтары екені айтылды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Ұлттық кірістерді әділ бөлу, табиғатты аялау және цифрландыру ісін жеделдету. Жолдаудың негізгі қағидалары осылар болды. Енді Мемлекет басшысы айтқандай, барлық саясатты осы қағидалардың айналасына шоғырландыру керек.