Е. Қарин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысын өткізді

Басқосуда Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған сыбайлас жемқорлықты азайтуға ықпал ететін шаралар талқыланды.

Ерлан Қарин жиында Президенттің салық саласын жаппай цифрландыруға және шаруаларға несие беру үшін банктерді субсидиялау тәжірибесін қолға алуға, салық режимдерін оңтайландыруға және басқа да бастамаларға қатысты Жолдауда айтылған тапсырмаларын тиімді орындау сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты.

Сонымен қатар Комиссия отырысында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшыларының есебі тыңдалды.

Тұжырымдаманы іске асыру аясында бірқатар кешенді шара қабылданды. Оның ішінде негізсіз баю үшін жауапкершілікті енгізу, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлайтын адамдарды қорғау тәсілдерін күшейту, қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру және басқа да мәселелер бар. Парламентке сыбайлас жемқорлыққа қарсы қосымша шаралар қарастыруды көздейтін түзетулердің кезекті топтамасы енгізілді.

Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші Комиссия мүшелеріне бірқатар тапсырма берді. Ерлан Қарин елімізде сыбайлас жемқорлықты азайтуға бағытталған тетіктерді жан-жақты және жүйелі түрде пысықтаудың маңызды екенін тағы да атап өтті.