Президент Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасымен кездесті
Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен де кездесті, деп хабарлайды 24kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысуға арнайы келгені үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір қазақ-түрікмен қарым-қатынасы өте табысты дамуда және стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сәйкес келеді. Өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, ауқымды спорттық іс-шараның сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Әңгімелесу барысында сауда-экономика, энергетика және көлік-логистика салаларында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына көңілдері толатынын жеткізді. Тараптар Қазақстан Президентінің биыл қазан айында Түрікменстанға жоспарланып отырған сапарының дайындық барысын талқылады.