Орталық Азия елдерінің Парламентаралық форумы өтті

Өзбекстанда Орталық Азия мемлекеттерінің II Парламентаралық форумы өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстан делегациясын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап барды. Жиында аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселесі талқыланды. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев форумға қатысушыларға ілтипат білдіріп, байланысты бекіте түсудің маңызын айтты. Сонымен қатар жаңа сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру қажет екеніне тоқталды. Су ресурстарын тиімді пайдалану, адам капиталын дамыту сынды тақырыптар қаралды. Отырыстан соң Сенат төрағасы бауырлас мемлекеттердегі әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді. Онда ортақ өзекті мәселелерге мән берілді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бауырлас елдеріміз арасында тиімді диалогты дамытуға және сындарлы өзара байланысты арттыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінгі кездесу бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында парламенттік дипломатияның әлеуетін пайдалана отырып, өзара диалогты нығайтуға ықпал ететіні анық. Былтыр ақпан айында Түркістанда өткен алғашқы форумнан кейін біз ынтымақтастығымызды арттыру ісінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік.