Ерлан Қарин Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президентімен кездесті
Ерлан Қарин Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанмен кездесу өткізді, деп хабарлайды 24kz.
Басқосуда Мемлекеттік кеңесші V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқаны үшін Түркиядан келген мәртебелі мейманға алғыс айтып, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының бұл жарысты ұйымдастыруға және табысты өткізуге айрықша үлес қосқанын атап өтті.
Сонымен қатар 89 елдің 3000-ға жуық спортшысы қатысқан мұндай ауқымды іс-шараны өткізу ұлттық спорт түрлерін дамытуға және дәріптеуге мүмкіндік беретінін айтты. Өз кезегінде Біләл Ердоған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ Конфедерация президенті бұл шара қатысушы мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін тілге тиек етті. Кездесу соңында Ерлан Қарин мен Біләл Ердоған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлерінің өрісін кеңейтіп қана қоймай, елдеріміздің тарихи мұрасын сақтап, мәдени байланыстарды дамытатын алаңға, айналып келе жатқанын атап өтті.