Өзбекстанда Орталық Азия мемлекеттерінің II Парламентаралық форумы өтті
Орталық Азияда парламентаралық байланыстардың берік негізі қалыптасты, деп хабарлайды 24KZ.
Екіжақты сапарлар жанданып, өңірдегі өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері іске қосылды. Бүгін Хиуада бас қосқан Орталық Азия елдерінің Парламент жетекшілері осындай пікір білдірді. Форумға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, 1 жыл бұрын қазақ жерінде қабылданған Түркістан декларациясының маңызына тоқталды. Өңір экономикасын дамытудың, жаңа интеграцияланған моделін де ұсынды.
Өзбекстан үшін қастерлі әрі киелі шаһарлардың бірі Хиуада өткен форум парламентаралық диалогқа тың серпін берді. Тарихи орындары һәм ежелгі ескерткіштерімен әйгілі қалада мәртебелі меймандар кең ауқымда бас қосты.
Форум «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы Орталық Азия Парламенті мен өкілді билік органдарының рөлі» тақырыбына арналды. Басқосу аймақтың күн тәртібіндегі ортақ мәселелерді бірлесіп талқылауға бірегей мүмкіндік ұсынып отыр. Былтыр бұл форумның алғашқысы Қазақстанда өткен еді. Араға уақыт салып кезек Өзбекстанға келді.
Парламент жетекшілері әуелі мемлекет басшылары деңгейіндегі келісімдердің іске асырылу барысын саралады. Бірнеше бағытта өрбіп жатқан ынтымақтастықты өңірлік деңгейде нығайту ұсынылды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазақстан Президенті бауырлас елдеріміз арасында тиімді диалогты дамытуға және сындарлы өзара байланысты арттыруға үнемі баса мән беріп келеді. Былтыр ақпан айында Түркістанда өткен алғашқы форумнан кейін біз ынтымақтастығымызды арттыру ісінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Енді дамудың интеграцияланған моделін қалыптастыру – баршамыз үшін ортақ міндет. Осыған байланысты бірлескен жұмысымызды бірнеше бағытта жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін. Бірінші – экономикалық даму және ынтымақтастық. Ортақ экономикалық кеңістікті дамыту, сауда-саттықты кеңейту және өнеркәсіп кооперациясын күшейту үшін құқықтық база қалыптастыру ісін жалғастырудың берері мол.
Мәулен Әшімбаев әлемдік сын-қатерлерді бірлесіп еңсерудің маңызын да атап өтті. Бұған тағы 3 міндет кіреді. Ол – өңір экономикасын күшейту, орнықты даму мақсаттарын іске асыру және адам капиталын дамыту. Орталық Азия елдері бұл істе тәжірибе алмаспақ ниетте.
Танзила Нарбаева, Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы:
- Орталық Азияның туристік әлеуеті зор. Бұл саланы дамыту арқылы елдеріміз арасында байланыс ұлғаяды. Мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас артады. Қазір Өзбекстанға келіп жатқан саяхатшылардың 80%-і көршілес мемлекеттерден. Осы тұрғыда өңірлік туризм жобасын әзірлеу бағытында жұмыс жүріп жатыр. Бұл бастама 5 мемлекеттің де экономикалық дамуына тың серпін береді.
Форум аясында азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған панельдік сессия отырыстары өтті. Жергілікті билік органдарының өзара іс-қимылын кеңейту мен негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге жастарды тарту жайы қаралды. Парламентаралық комиссиялар мен достық топтарының қызметін одан әрі жандандыру қажеттігі айтылды.
Әлішер Сатыбалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл мемлекеттердің ортақ жалпы ішкі өнімі 450 млрд долларға жетіп отырғаны, арадағы сауда айналымының көлемін 15 млрд-қа жеткізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Соның барлығына, әрине, заңдық база керек. Сол мәселелерді бүгін талқыладық.
Гүлқасима Сүйінтаева, Ақтөбе облысы мәслихатының төрағасы:
- Форумға қатысушылар парламентаралық байланыстарды дамытудың маңызды екенін түсініп отыр. Соның ішінде мәслихаттардың да өзара байланысы өңірлердің дамуына жол ашады деп ойлаймыз. Осы арқылы өзекті мәселелер дер кезінде қаралып, тәжірибе алмасуға жағдай жасалады.
Сенат спикері елдер арасындағы өнеркәсіп, көлік-транзиттік инфрақұрылым, сауда және энергетикалық кооперация мәселелерін екіжақты кездесулерде талқылады. Өзбекстан және Қырғыз Республикасы тарапымен су-энергетикалық қауіпсіздік, цифрландыру, сондай-ақ инвестициялық байланыс тақырыбы қозғалды. Өз кезегінде бауырлас ел өкілдері Қазақстанмен ынтымақтастық қарқынын жоғары бағалап, сындарлы диалог одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.
Авторы: Рауан Мыңбаев.