Сарапшы: Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы басты серіктесі

Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы басты серіктесі. Германияның экономикалық даму мен халықаралық сауда федералды ассоциациясының атқарушы директоры Урс Ункауф осылай деп мәлімдеді.

2003 жылдан бері Алманияның кәсіпкерлерін әлем елдерімен байланыстырып, тиімді ынтымақтастыққа жол ашып отырған ұйым Германия канцлері Олаф Шольцтің сапарының қос тарап үшін де табысты болатынынан үмітті. Жүзден аса мемлекетте өкілдігі бар орган Орталық Азия мен Каспий өңірін қазіргі күннің аса маңызды аймағы деп санайды. Және бұл өңірге деген қызығушылық 2023 жылдан бері күрт өсіп, жаңа деңгейге шықты деп есептейді.

Урс Ункауф, Германияның Экономикалық даму және халықаралық сауда федералды ассоциациясының атқарушы директоры:

- Германия канцлері Олаф Шольцтің Қазақстанға сапары экономикалық ынтымақтастық пен сауда саласының дамуына тың серпін беруі керек. Мұнай-газбен қатар өзге де шикізаттар өндірісінде серіктестіктің жаңа бағыттары ашылады деп ойлаймын. Жасыл энергетика, фармацевтика, ауыр өнеркәсіп, лаңкестікпен күрес және қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Себебі Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы басты серіктесі. Әрі сіздердің елдеріңізбен барынша етене араласу Германиямен қатар бүтін Еуропалық Одаққа да қажет ынтымақтастық деп санаймын. Сондай-ақ екі елдің қарым-қатынасында білім мен ғылым саласы, азаматтық қоғам белсенділігі және мәдени байланыстардың тереңдей түсуі де бұрынғыдан зор қарқынмен дами түсуі керек.